Талас өзенінде балық қырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талас өзенінде балық қырылуда

09.07.2018

Жамбыл облысындағы Талас өзені тартылып, 2,5 мыңнан астам балық қырылып қалды. Басты себеп – көрші Қырғыз елінен келетін су мөлшерінің күрт төмендеуі. Бірнеше елді мекенді басып өтетін Талас өзенінде судың жеткіліксіздігі 1 шілдеден бастап байқалды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы арнайы мобильдік топтар құрып, өзен табанында қалған шабақтарды құтқаруда. Тартылып қалған көлшіктерде қалған мыңдаған шабақтарды сүзіп, бөшкелермен басқа су айдындарына жіберуде. Балықтарды құтқаруға ауа райының күрт ысып кетуі де кедергі. Сондықтан, тек түнде ғана шабақтарды тасу мүмкін болып отыр.

Инспекция мамандарынан бөлек, су айдынын пайдаланушылар да құтқару жұмыстарына тартылған.  50 мың данадан астам шабақ өзге бөгеттерге жіберілді. Қазір Талас өзеніне құйылып  жатқан  14 текше метр су мұндағы жәндіктердің өмір сүруіне жеткіліксіз болып тұр.

Болат Асамбеков, Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция  басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

-50 текше метр су келуі керек еді, демалыс күндері небәрі 14 текше метр су келіп жатыр. 2,5 мың дана балық қырылды. Оларды көміп жатырмыз.

Г.ҚАЙРАТҚЫЗЫ         

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.                                                       

Хабарламаларға жазылу