Қазақтың қара домбырасын бүгінде жаһан жұрты да жақсы біледі. Сыңғырлаған қоңыр үніне қызығып, қазақтың ұлттық аспабында еркін ойнай білсем деушілер көп қазір. Домбыра тартуды ғаламтордан үйренген еуропалықтар байқауларда бағын сынап, тіпті жеке концерт беріп жүр.
Бұл - Еуропа жұртшылығына қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеп жүрген Герман. Украин жігіті салалы саусақтарымен күмбірлеген күйді төкпелеткенде еуропалықтар сілтідей тынады. Қазақтың сыбызғысы мен шаңқобызының үнін қарт құрлықтағылардың көбі алғаш Германның концертінен естіпті. Музыканттың бағын ашқан да осы ұлттық аспаптар.
Герман Попов, музыкант:
- Мен түркі халықтарының фольклорын, жоғалып бара жатқан ұлт аспаптары жайлы зерттеумен айналысып жүргенде, ғылыми экспедициямен Қазақстанға тап болдым. Сол кезде домбыраның үнін алғаш естіп, ғашық болдым. Бірнеше түрін сатып алып, ойнауды үйрендім. Қазақтың ұлттық аспаптары, дәстүрлі музыкасы керемет. Соны сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.
Домбыра десе, ішкен асын жерге қоятындардың бірі түрік жігіті Фуркан. Қос ішекті аспапта ойнауды ғаламтордан 6 ай ішінде үйреніпті. Қазір Бельгияда өтетін музыкалық шараларда домбырамен ән-күй орындап, көзге түсіп жүр.
Фуркан Агметоглу, музыкант:
- Домбыраны не үшін үйрендің деп сұрайды көбісі. Домбыра біздің ата-бабамыздың ұлы мұрасы. Осы мұраны біз болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Мәдениетімізді көпшілікке паш етуіміз қажет. Мына домбыраны Түркия қазақтарынан сатып алдым. Енді қазақтың дәстүрлі музыкасын үйрену үшін барымды саламын.
Фурканның тағы бір арманы - қазақ тілін жетік меңгеру. «Талаптанғанға тіл үйрену түк емес», - дейді венгриялық Дәуіт Шомфай. Қазақша мақалдатып сөйлегенде сіз бен бізді шаң қаптыратын мажар ғалымы қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын зерттеді. Енді музыкасына терең бойласам деп, домбыра үйреніп жүр.
Дәуіт Шомфай, қара мажар ғалымы:
- Жақсы жағынан өзгерістер болып, дамып келе жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Қазақтар біздің Венгриядағы қуман қыпшақтарының бауырлары. Бауырлас ел.
Дәуіт Шомфай «қазақтың жыр-термелерін жатқа айтсам», дейді. Кәсіби музыканттан дәріс алғысы келетін Дәуіт пен Фурканға Герман көмектесуге әзір. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра» деп мақалдатқан үш жігітті қарт құрлықта табыстырған да осы қазақтың киелі аспабы.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.