Басты Жаңалықтар Ташкентте денсаулық сақтау саласына арналған форум өтті

Ташкентте денсаулық сақтау саласына арналған форум өтті

Ташкентте «Қазақстан – Өзбекстан: денсаулық сақтау, технология және кадр саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында форум өтті. Оған екі елдің денсаулық сақтау министрлері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері мен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қатысты. Форум аясында ғылыми орталықтар, жетекші клиникалар мен медициналық университеттер арасында 30-ға тарта келісімге қол қойылды.

Қос мемлекетке ортақ мақсат – заманауи технологияға негізделген, тұрақты әрі қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін құру. Қазақстан мен Өзбекстан медицина саласын цифрландыру, инновацияларға жол ашу мен кадр даярлау бағытында тығыз байланыс орнатқан. Мұндай жиындар өзара ынтымақты нығайтуға серпін береді десті форум қатысушылары.

Олимхон Ходжихонов, Өзбекстан Республикасы ДСМ халықаралық ынтымақтастық бойынша өкілі:

Қазақстанның жоғары санатты, аса тәжірибелі дәрігерлері бірнеше күннен бері біздегі науқас жандарды тексеруден өткізіп, диагноз қойып, ем- дом жүргізіп жатыр. Бұл мемлекеттің тұрғындарына зор көмек, әрі өте сауапты іс. Сала мамандары ғана емес, қарапайым азаматтар үшін де пайдасы мол шара болды.

Халықаралық форум Қазақстан медицинасының күндері аясында өтті. Жалпы онкүндік барысында 100-ден астам білікті маман Ташкент, Ферғана, Самарқанд, Бұхара және Нөкіс қалаларында көшпелі консультациялар ұйымдастырды. Қазақстандық ғалымдар мен дәрігерлер түрлі шеберлік сабақтарын өткізді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

 Осының барлығы халық үшін жасалып жатқан шаралар. Әрі қарай жалғасын табады. Алдағы уақытта елімізде Өзбекстанның медицина күндері өтеді, яғни біз мамандарды, өзіміздің әріптестерімізді Қазақстанда күтеміз.

 Жиында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов сөз алып, мұндай маңызды шараның өткізілуі бауырлас халықтарды одан әрі жақындастыра түсетініне тоқталды. Медициналық форум денсаулық сақтау саласындағы жаңа бағыттарды айқындауға, мамандардың өзара тәжірибе алмасуына орасан зор мүмкіндік берді.

Бөлісу