Басты Жаңалықтар Келесі жылы ұялы байланыс тарифі қымбаттауы мүмкін

Келесі жылы ұялы байланыс тарифі қымбаттауы мүмкін

Елімізде келесі жылы ұялы байланыс тарифінің бағасы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкіметте байланыс операторлары мәлімдеді. Сапасына сын көп айтылатын интернет не себепті қымбаттауы мүмкін? Тілшіміз Азамат Бейбітұлы баяндайды.
Интернетсіз телефон бос. Қазір барлық қызмет түрін смартфон арқылы тындырамыз. Сондықтан интернеттің тарифі – әр азамат үшін өзекті мәселе. Бірақ біздегі операторлар сол тариф қымбаттамаса, арзандамайды деп отыр.
Ержан Мейрамов, «Қазақтелеком» АҚ бас әкімшілік директоры:

Тарифтің құрамындағы шығындар, мысалы, тарифтің ішіне кіретін электр қуаты үшін шығындар, мысалы, құрал жабдықтар, оператордың шығындары, оларға баға өсетін болса, әрине ол тарифтің өсуіне ықпал етеді. Келесі жылы ҚҚС-ның өсу себебінен, керісінше, ол 15-20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Сондықтан тікелей жауап арзандамайтын шығар.
Елімізде 3-4 ірі оператор бар. Олар өзара бәсекеде. Сондықтан тұрғын үйдегі интернет пен телефондағы тарифті бірлестіріп, отбасылық және әлеуметтік топтамаларды да ұсынады. Бірақ оны сапасы бөлек мәселе.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Жол бойында мобильді байланыс тұрақсыз, ауылды жерлерде интернет өте баяу, тіпті қалалардың өзінде ауқымды іс-шаралар барысында интернет сапасы нашарлап кетеді деген сыңайда арыз-шағымдар азаймай отыр. Жасанды интеллект министрлігі осындай үлкен шаралар кезінде байланыс және интернет инфрақұрылымына жүктеменің күрт артуына қатысты мәселені операторлармен бірге мұқият пысықтауы қажет.
Байланысы нашар ауылдардағы азаматтар қала тұрғынымен бірдей тарифты қолданып, бірдей төлем жасайды. Операторлар бұл мәселеге қатысты әлі оңтайлы шешім жоқ дейді. Себебі телефонның өзі мобильді болғандықтан, әр түрлі аймақта жүреді. Бірақ неғұрлым жылдам интернет болса, соғұрлым оның құны да қымбаттай береді деген мысалды операторлар анық айтып отыр.

Бөлісу