Атырау облысында су тапшылығынан орман алқаптары қурап жатыр

04.12.2018

«Жасыл белдеудегі топырақ құрғап, кей жерлерді қуаңшылық басқан. Жайық өзенінің сағасы тарылып, ернеуі толмағаннан кейін, орман оталып барады»,- дейді мамандар.

Жандос Темірғалиев, тілші:

Орман қорының 435 гектар аумағы қурап барады. Оған басты себеп - Жайық өзенінің таяздануы. Су тапшы болған соң, бір кездегі жайқалған теректер  бүгінде қу ағашқа айналған. Орманды оңалту үшін енді мамандар жасыл белдеуге су жіберіп, жағдайды түземек.

Орман шаруашылығымен 20 жылдан бері айналысқан Мереке Шалқаровты алқаптың қурап бара жатқаны алаңдатады. Жайық суға жарымаған соң, мұндағы тал-терек өзен суына сусап-ақ тұр. 

Мереке Шалқаров, облыстық Орман шаруашылығы инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Бұрын мына сай-салалар суға толып тұратын. 2006 жылдан бері бұларға судың көп келгенін көрген жоқпыз. Ғылыми қызметкерлер келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олар Жайық өзенінен су келмеуінен, жерасты суының төменге кетіп қалғаны туралы қорытынды шығарды.

Жайықтың арнасы жыл санап тарылып барады. Мәселен, биылғы көктемде өр суы өте аз болды. Бұл жайсыздықты жауаптылар табиғи факторлармен байланыстырады.

Ғалидолла Азидуллин, республикалық Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы:

- РФ-сы суды ұстап қалып жатыр деген теріс түсінік. Ресеймен 1992 жылы ең бірінші келісім жасақталды. 2010 жылы ол келісім жаңартылды.

Аймақтағы орман қоры қазір 52 мың гектардан асады. Соның 15 мыңы жасыл белдеу алқабына тиесілі. Мамандардың айтуынша, 600 гектар  жердегі ағаштың бәрі қурап біткен.

Нұргүл Қалиева, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Алдағы уақытта орманды қураудан сақтау үшін, тоғандарды сумен толтыруды ұсынатын боламыз.

Жайықтың суын молайту үшін жүйелі жұмыстар қазірден басталды. Болжам бойынша, 6 миллиард текше метр су өзенге құйылуы тиіс. Жайықтың шырайы кірсе, жағадағы шаруашылықтардың да өріс алатыны анық. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу