Шағын бизнес міндетті жарнадан босатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын бизнес міндетті жарнадан босатылды

21.06.2018

Бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының 5-ші съезінде Үкімет пен  аталған палата арасында жаңа келісімге бекіді. Құжатқа Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен палатаның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қол қойды. Айта кету керек, кәсіпкерлер палатасы туралы заң бойынша биыл үкімет «Атамекен» палатасының құрамынан және оның  барлық басқарушы органдарынан шықты. Ал, бүгін бекіген құжат тараптардың одан арғы әріптестігін реттейді. Съезде палатаның төралқа құрамына вице-премьер Ерболат Досаевтың орнына «Бәйтерек» холдингінің басшысы Айдар Арифханов сайланды. Сондай-ақ, палатадағы комитет төрағаларының бірі Мұрат Әбеновтың уәкілеттілігі тоқтатылды. Съезд аясында бұдан бөлек Қазақтан мен Өзбекстан бизнес омбудсмендері әріптестік орнату туралы келісім бекітті. 

Болат Палымбетов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:

- Бүгін Өзбекстанда 300 қазақстандық кәсіпкерлер жұмыс жасап жатыр. Мысалы, Қазақстанда  2000 өзбек кәсіпкері жұмыс істеуде. Бұл жаңа экономикалық реформа болғаннан кейін қазақстандық бизнестер сол жаққа барып жатыр. Енді олар проблема болғаннан кейін жалғыз қалмасын деп оларға көмектесетін Өзбекстанның бизнес омбудсмені болады.

Съезде қабылданған тағы бір шешім - шағын және орта бизнеске берілетін жеңілдік мерзімі ұзартылды. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлер палатасы туралы заң бойынша шағын және орта бизнес келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап палатаға жарна төлеуге міндеттелген. Съезд шешімімен бұл мерзім 3 жылға кейінге шегертілді.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу