Биыл Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының иегерлері 4 млн. теңгеден алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Президенттің БАҚ саласындағы сыйлығының иегерлері 4 млн. теңгеден алады

12.06.2018

Бұдан бөлек, «Алтын төсбелгі» табысталады. Ал, Елбасының грантын жеңгендерге 3 млн. 215 мың теңгеден берілмек. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Президенттің сыйлықтары, гранттары мен Алғыс хаттарын тапсыру жөніндегі комиссияның отырысында мәлімдеді. Айта кетейік, Президент сыйлығы үздік екі журналистке, тағы екі грант 36 жасқа толмаған журналистке тапсырылады. Ал, Елбасының алғысы 4 шығармашылық ұжымға беріледі. Жалпы, Президенттің марапатына еліміздің майталман журналистері 1997 жылдан бері бөленіп келеді. Биыл комиссияның қарауына 61 ұсыным түсті. Оның 47-і журналистерден, ал, 14-і шығармашылық ұжымдардан. Жүзден жүйрік шыққан журналистердің есімдері жуық арада белгілі болады. Комиссия үміткерлерді ашық дауыс беру арқылы таңдап, Мемлекет басшысының атына ұсыныс жібереді.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты шаралар қолға алынып жатыр. Рухани жаңғыру үдерісі де жалғасын табуда. Биыл бүкіл Қазақстан халқы елорданың 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осы және басқа да игі бастамаларды насихаттауға БАҚ өкілдері де қатысады. Президенттің бұқаралық ақпарат құралдарына арналған сыйлықтары мен гранттарын тапсыру барысында осы айтылған талаптар міндетті түрде ескерілуі керек.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу