Павлодарда көктемгі егіс ерте басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда көктемгі егіс ерте басталды

19.04.2014
Павлодарда көктемгі егіс ерте басталды
Павлодарлықтар көктемгі егіс жұмыстарын жылдағыдан 15 күн ерте бастады. Биыл облыс дән себілетін алқаптың жалпы көлемін 1 миллион 141 мың гектарға жеткізіп, өзіндік рекорд жасағалы отыр. Тағы бір айта кетерлігі, павлодарлық шаруалар экспортқа жіберілетін көкөніс түрлерін көптеп өсіруді қолға алмақшы.
 
Павлодар ауданына қарасты Черноярка ауылының көкөніс өсірушілерін бүкіл Қазақстан біледі. Әсіресе картоп пен сәбізді барлық облыстар алып жатыр. Ал, соңғы уақытта шет мемлекеттер тарапынан сұраныс түсе бастады.
 
Жеке кәсіпкер Ерлан Жәукеновтің пікірінше, сыртқы нарыққа шығудың тиімділігі шаш етектен. Өнім экспортқа шығарылды. Соның арқасында бірер жылда біраз техника жаңарып қалды.
 
Ерлан Жаукенов, жеке кәсіпкер:  
Өнімді Қазақстанның барлық қалаларына, сәбізді Ресейдің Омск, Томск, Новосібір, Кемеров қалаларына экспорттаймыз. Экспорт бізге тиімді.
 
Көкөніс өсірумен айналысатын қожалықтардың экспорттық әлеуетін көтеру үшін арнайы кооператив құрылды. Олар Чернояркадағы 150-ге жуық шаруаның өнімін өткізу, субсидия алу, лизингтік техника құжаттарын рәсімдеумен айналысады.
 
Валерий Литвин, көкөніс өсірушілер кооперативінің төрағасы:     
Ресей біздің өнімдерді өте сапалы деп бағалайды. Сондықтан вагондарға тиеп, теміржол арқылы жіберудің амалдарын ойластырып жатырмыз. Ол үшін Ресейдің мемлекеттік мекемелерімен келісімшартқа отырамыз.
 
Биыл аудан суармалы егіс алқаптарының көлемін 500 гектарға ұлғайтты. Экспорттық сұранысқа ие картоп пен сәбіз егілетін алқаптың аумағын 60 пайызға жеткізді.
 
Серік Аманов, Павлодар ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
50 мың гектар жерге ылғал жабылды. 400-ден аса техника жұмыс істеп жатыр. Шілде айында Павлодар қаласының дүкендерінде өзіміздің  биылғы орақтан көкөніс болады деп есептеп отырмыз.
 
Бұл Оңтүстік облыстардан көкөніс тиелген көліктердің Павлодарға ағылатын кезі. Сондықтан жергілікті өнім ерте піссе баға да қымбаттамайды. Көктем ерте келсе - елге ырыс деген осы. 
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу