Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға 400 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға 400 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалады

16.05.2018

Жамбыл облысында биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға 400 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтты. Аталған бағдарлама аясында биыл 130-дан астам жоба мен 60-тан астам іс-шараны өткізу көзделген.  Қазына қаржысынан бөлек,  бұл жобаларға 3,4 миллиард теңге көлемінде демеушілердің қаржысы тартылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталған бір жыл ішінде Жамбыл облысында 1 миллиард теңгеден астам сомаға 22 жоба жүзеге асқан. Биыл бағдарлама қарқын алып, жоспарланған жобалар мен іс-шаралар саны 200-ге жуықтаған. Оның ішінде рухани жаңғырудың алты бағытын да қамтитын бастамалар бар.

Асқар Мырзахметов,  Жамбыл облысының әкімі:

- Ауыл шаруашылығы бағытындағы заманауи екі колледж ашуды қолға алдық. Осы аталған мақсатқа 500 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Жамбыл облысы биыл 400 млн. теңге бөлген. Бұдан бөлек 3,4 млрд. теңге демеушілердің қаражаты тартылады. Облыс орталығы мен 10 ауданда қазір жобалық кеңселер жұмыс істейді. Тараздағы жобалық кеңседе интерактивті алаң жұмыс істейді. Оған мультимедиялық және онлайн форматтағы бірнеше сервис топтастырылған. Тараз өңірінде киелі жерлер де аз емес. Республикалық киелі жерлер картасына танымал тарихи нысандар кірген.

Ғалия Боранбаева, Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы:

 - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстанның қасиетті орындарының тізіміне Жамбыл облысынан 8 орын кірген болатын. Сол 8 орынды Қазақстанның журналистеріне таныстырып, блог-тур өткізуді жоспарлап отырмыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағытының бірі - «100 есім жобасы». Халық таңдаған бұл тізімге Жамбыл облысынан  8 адам енген.

 Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу