Өңір диқандары биыл 4,7 миллион гектар жерге дәнді және майлы дақылдар сеппек. Егістік алқаптың басым бөлігіне бидай егіледі. Дала жұмыстарына 15 мыңнан астам трактор, 17 мыңнан аса себу техникасы жұмылдырылмақ.
Астықты өңірдің 3,7 млн. алқабына бидай егілмек. Диқандар биыл мол өнім алу үшін ғалымдардың көмегіне жүгінбек. Ол үшін Шортанды ауданы Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы 3 мың гектар жерді игереді. Алқапты өңдеу, егу, өсімдікті күтудің барлық талаптары сақталмақ.
Кенже Абдуллаев А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры:
- Біріншіден, өнімділігіміз артты. Екінші жағынан, 60 процент гербицид, 20 процент тыңайтқыштар мен өзіміздің күшімізді үнемдесек, онда өзіндік құны төмен болады деп ойлаймын.
Бидай бітік шығып, өнімділікті арттыру үшін жаңа техника қолданылуда. Бір жағы бұл жұмыстың мерзімінде аяқталуының кепілі.
Асхат Диратұлы, механизатор:
- Мұның жұмыс істеу жылдамдығы бұрынғы өзіміздің техникаға қарағанда жоғары. Артықшылығы көп. Күніне шамамен 70-80 гектарға дейін қамтуға болады.
Биылғы науқанның тағы бір ерекшелігі, озық технология үлгілері де мейлінше қолданылып жатыр. Мәселен, шаруалар дронның көмегімен егістік жердің бедерін анықтауда.
Александр Труфанов, «АгроДронГрупп» компаниясының техникалық директоры:
- Біз алқаптардың картасын аламыз. Ортофото жоспар, ойыстар, алқаптың құрылымы туралы мәліметтер жинақтаймын. Дрон түрлі жүктемемен ұша алады. Биіктігі де тапсырмаға байланысты 100 метрден 4000 метрге дейін болуы мүмкін.
Қазір егістік алқапқа жанармай мен химиялық тыңайтқыштар жеткізілген. Тұқымнан тапшылық жоқ. Тек ауа райы қолайлы болса болғаны. Облыс диқандары көктемгі егіс жұмыстарын маусым айының басында аяқтауды жоспарлап отыр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.