Татулық - берекелі тірліктің тірегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Татулық - берекелі тірліктің тірегі

01.05.2018

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл өңірі өткен ғасырдың 20 жылдарында ел қоныстанып, жері игеріле бастаған аймақ. Сол жылдары тыңға түрен салған 30-дан астам ұлттың өкілі татулық пен бірліктің арқасында берекелі күн кешіп жатыр. Ынтымағы жарасқан Мақтарал ауданының халқы бүгінгі мерекеде көпшілікке өнері мен дәстүрін көрсетіп, достық пейілдерін паш етті.

Гүлмира - тәжік қызы. Бүгінде қазаққа келін болып, бесік тербетіп, отбасының ұйытқысы болып отыр. Отағасы Дәулет екеуі бес перзент тәрбиелеп өсіруде. Жарасымды отбасының берекелі тірлігімен көпке үлгі.

Гүлмира Майданова, Зерделі ауылының тұрғыны:

- Екі жақтың да дәстүрлері бір-біріне ұқсастығынан оншалықты қиналған жоқпын. Екі жақтың да салтын, дәстүрін құрметтеймін.

Бүгінде Мақтаралда 25 мыңдай тәжік тұрады. Шетінен егіннің бабын, тірліктің жайын жақсы білетін еңбекқор. Мақта өсіріп, аймақтың табысын еселеп келеді. Еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан осындай азаматтардың бірсыпырасы бүгінгі мерекеде «Құрметті азамат» атағына ие болды.

Әбдужәлел Боев, кәсіпкер:

- Қолымызда 70-80 адам жұмыс істейді. 6-7 гектар жылыжайымыз бар. Қияр, қызанақ өсіріп, халықтың дастарханына ұсынып отырмыз.

Өзбекстанмен шекаралас қонған Мақтарал қашаннан екі елдің арасындағы ағайындық ауызбіршілік пен достыққа дәнекер болып келеді. Барыс-келісі мен алыс-берісі үзілген емес. Бүгінгі бірліктің мерекесінде де Өзбекстаннан арнайы қонақтар келіп, ақжарма тілектерін жеткізді.   

Өтеп Сейдаманов, Қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Жызақ облысында 26500 қазақ тұрып жатыр. Араласып кеткен елміз.

Әрбір ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтау-еліміздегі тыныштық пен татулықтың кепілі. Орталық алаңға жиналған жұрт әрбір ұлттың тарихы, болмысы мен тіршілігінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Түрлі тілдегі ән мен нақышты биді де ынтымақты бекемдей түсті. Көптің көңілі достың арнасында тоғысты.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу