Алдағы Отан қорғаушылар күнінде Отарда жауынгерлік шеру өтпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы Отан қорғаушылар күнінде Отарда жауынгерлік шеру өтпек

27.04.2018

Бұл Егемен еліміздің тарихындағы ауқымды екінші шара. Алғашқысы, 5 жыл бұрын 2013 жылы болған. Ал, биылғы шеруге қазір дайындық қызу жүріп жатыр. Қарулы күштерімізде борышын өтеп жатқан сарбаздар мен әскерилердің қауқары мен қарым-қабілетін бағамдайтын шара бұрынғыдан несімен ерекше? Тілшіміз Амангелді Сейітхан жаттығуға қатысып, шерудің жоспарымен танысып келді.

Отар 40-шы әскери базасында 20 күннен бергі көрініс осындай. Таң атқаннан қаздай тізілген танкілерден оқ атып, «Арлан», «БТР» көліктерін тізгіндеген сарбаздар да тыңғылықты дайындалып жатыр. Шараға 3000-нан астам жауынгер, 300-ден астам әскери техника мен 30-дан аса ұшу аппараттары жұмылдырылады.

Жақсылық Урозбаев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:

- 2013 жылғы шеруден бұл шерудің ерекшелігі көп. Мысалы, бірнеше жаңа технологиялар көрсетіледі. Оның ішінде «Арлан» көлігін айрықша атап өту керек. Жалпы, соңғы 5 жылда біздің күштік құрылымдар техника жағынан да, тактика жағынан да айтарлықтай дамыды.

Шеруге қатысатын жауынгерлердің барлығы психологиялық және саптық даярлығы бойынша еліміздің барлық аймағынан іріктелген ең үздіктер. Олар қазіргі заманғы соғыс құралдарының мүмкіндігін толық меңгерген. Ал, 10 күннен кейін болатын шарада сол қару-жарақтар мен техниканың қалай қолданылатындығын халыққа көрсетпек.

Әскер Жұбатов, барлаушы:

- Қазақстанның армиясы жылдан-жылға дамып, жауынгерлік және әскери қызметкерлер мен әскери техникаларды игеріп, қолданудамыз. Осы жауынгерлік парадқа әскери қызметкерлер жоғары деңгейде өтуіне ат салысуда.

Шеруде жауынгерлердің сынақ алаңындағы шеберліктерімен қатар, саппен жүру тәртібі де сыналады. Сондықтан, олар күніне бірнеше рет сымдай тізіліп сап түзіп, салтанатты шараға аса айрықша дайындалып жатыр. Өйткені, еліміздің әскери әлеуеті мен жауынгерлік рухы көрінетін шерудің өтуіне бір аптадан астам ғана уақыт қалды.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу