Қарағанды облысының Жезқазған қаласында 28 көпқабатты үй апатты жағдайда тұр. Дені тұрғындар үшін өмір сүруге қауіпті. Ал, тұруға келетіндерін жөндеу үшін қаражат жоқ. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған жұрт қайда барып шағымданарларын білмейді. «Мәселенің жай-жапсарын білсе де, жергілікті билік қол қусырып қарап отыр», - дейді тұрғындар.
Қаладағы апатты деп танылған үйлердің бірі Жеңіс көшесіндегі №11 үй. Мұнда қазір 50 отбасы тұрып жатыр. Амалсыздықтан, әрине. Себебі, басқа барып қоныстанар жерлері жоқ.
Арнайы комиссия үйдің бірнеше кіреберісін қауіпті деп анықтады. Іргетасы шытынап, қабырғасы сөгілген. Иесіз қалған пәтерлердің есік-терезесі үңірейіп тұр. Осыдан 7-8 жыл бұрын апатты үйдің тұрғындарын көшіре бастады. Олардың бірі пәтер алса, енді біріне ақшалай өтемақы берілді. Кейін көш мүлде тоқтап қалған.
Гүлнар Көшербаева, қала тұрғыны:
- Ақшаны жетер-жетпес қана етіп береді. Ол сомаға мұндай үйді ала алмаймыз. Теледидардан күнде көреміз. Неше түрлі үйлер құлаған жағдайлар болып жатады. Өміріміз үшін қорқамыз.
Сандуғаш Райқұлова, қала тұрғыны:
- Үйде мүгедек балам бар. Ол бала жүрмейді, көрмейді, сөйлей алмайды. Жатақхана береміз дейді. Мен оған бара алмаймын. Жатақхананың ішінде дәретханаға апару үшін ол баланы сүйретіп жүре алмаймын.
Жергілікті билік тұруға қауіпті деген пәтерлерді коммуналдық меншікке өткізу үшін қазір тұрғындардың келісімін алуда.
Нұржан Орынбаев, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары:
- Коммуналдық меншікке рәсімдеп алғаннан кейін тиісті бағалау жұмыстарын жасап, содан кейін тұрғындарға өтемақы төлейтін боламыз. Ол өтемақыны төлеуге жоғары деңгейдегі бюджеттерге ұсыныстар, сұранымдар жасайтын боламыз. Жобамен 300-350 миллион теңге.
Яғни, мәселе жақын арада шешілетін емес. Жалпы, Жезқазған қаласы бойынша 28 үй апатты жағдайда тұр. Соның 12-і мүлде жөндеуге келмейді. Ондағы тұрғындарды қауіпсіз баспанаға көшіру үшін 3,5 миллиард теңге қажет. Тұрғын үй қатынастары жөніндегі заңға сәйкес мұндай жағдайда кезектен тыс баспана берілмейді.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ