БҚО-да өрттің алдын алуға дабыл құрылғылары орнатылуда
Батыс Қазақстан облысында өрттің түтінінен уланып, қаза тапқандар саны азаймай тұр. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін құтқарушылар үй-үйді аралап, дабыл қондырғыларын орнатып жатыр. Еріктілер де жадынама таратып, газ қызметкерлері жылу жабдықтарын тексерді.
- Қандай да бір түтін шыққан уақытта осылай айқайлап сізге дыбыс береді.
Бұл жолы құтқарушылар саяжайдағы тұрғын үйлерге улы газдан қорғайтын дабыл қондырғыларын орнатты. Қамкөңіл қарияларға мұржаны қаптау қажеттігін де ескертті. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қауіпті ескертетін құрылғы тегін берілді.
Қайыржан Аманқұлов, тұрғын:
Газға қондырғы құрды мына балалар келіп. Көп-көп рақмет! Биыл жылуды ерте қостым. Менде автомат пеш. 40-та тұрады. Енді мынау жақсы болды сигнализация қондырып.
Жыл басынан бері өңірде 577 өрт оқиғасы тіркелген. «Тілсіз жаудың» салдарынан 13 адам қаза тауып, үшеуі жарақат алған. Мамандар дер кезінде соғылған дабылдың қауіптің алдын алуда маңызы зор екенін айтады.
Мереке Жұмағалиев, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
Жылу маусымы басталғалы 263 датчик орнатылды. Жұмыс қарқынды жүруде. Басты мақсатымыз – облыстағы әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың үйлеріне датчик орнату. Біздің сала қызметкерлері тек қана аула аралау емес, әлеуметтік желілерде де ауқымды жұмыс жүргізуде. Сол себепті халықтың қауіпсіздікті сақтау мәдениеті өсіп келе жатыр деп есептеймін.
Еріктілер де құтқарушыларға көмектесіп, тұрғындарға жадынама таратты. Ал газ мекемесінің қызметкерлері жылу қондырғыларын тексеріп, олқылықтарды жоюға кеңес берді.
Қуанышқали Қожабергенов, газ қондырғысының слесарі:
Дымоходтар қапталмаған болады. Не пештің үстіне аяқкиім жайып, газет төсеп қояды. Соны ескертіп айтамыз. Түзеп жатамыз. Ауа райының ылғалдылығына байланысты салқын мен жылы ауысқанда конденсант пен угарный газ көп болады. Сол кезде біз газды айырып кетеміз. Тұрғын үй иесіне түсіндіріп.
Саяжайдағы кейбір тұрғындар өрт сөндірушілерге есік ашпай, жұмысқа кедергі келтіреді. Сондықтан құтқарушылар алдын алу шарасына түсіністікпен қарап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
