Былтыр қос азаматтығы бар 600-ге жуық қазақстандық анықталып, жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтылды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов көші-қон саласындағы мәселелерді жіпке тізіп берді. Соңғы үш жылда елімізде 330 мың шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Ал, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері осы жылдан бастап Қазақстан электронды виза бере бастайтынын мәлімдеді. Депутаттар көші-қон мәселесінде бармақ басты, көз қысты фактілер мен жемқорлық кездесетінін жасырмады.
Индира Бегайдар, тілші:
- Осындай жаңашылдықтарымен бөлісуге келген Қалмұханбет Қасымов арнайы көрмеде жетістіктерін көрсетуге тырысты. Тіпті, Елбасының жуырдағы тапсырмасын орындау мақсатында баяндаманы 100 пайыз қазақша жасап, депутаттарды таңқалдырды. Бірақ, Мәжіліс өкілдері бүгінгі күні халық үшін өзекті түйткілдерді көтерді. Айтылаған сын, тағылған мін көп.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Онсыз да азаматтық ала алмай жүрген азаматтарды заңсыз жүрсің деп соттап жатқанымыз да өтірік емес. Қандастарымыз босып кетті, қиналып жатыр.
Айбар Ербосын анасы екеуі 2013 жылы Қытайдан келген. Содан бері оралман куәлігі, ықтияр хатпен жүріпті. Азаматтыққа құжат өткізгендеріне жарты жылдан асқан, бірақ, нәтиже жоқ. Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адамның адаспайтыны белгілі.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
-Әрине, оралман міндетін алғаннан кейін ол бір жылдың ішінде бізге арыз беріп, азаматтыққа кіру керек. Біз оны шешеміз.
Тарихи отанына қайтамын деген қазақтардың шетелде шешілмеген мәселесі жетеді. Соңғы кездері Қытайда қамалып жатқан қандастардың саны артты. Оны да назарға аламыз деп уәде берді құзырлы орган.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
-Қытайдан келген азаматтар жеңілдікпен азаматтық алатын болды. Одан кейін Қытай елшілігіне барып, паспорттарын тапсыратын. Үрімші жаққа барып, олар тұрақты тіркеуден шықпағаны үшін қамалып отыр. Тұрақты тіркеуден шықпағаннан кейін қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отыр екен.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ертең Қытайға барып, сол жақтағы қазақ диаспораларының мәселелерін талқылайтынын айтты. Ал, Ауғанстанның 49 азаматы елімізде оралман қазақтардың мәртебесін алмақ болыпты. Олар біздің еліміздің аумағын Еуропаға өтіп, ол жақта тұрақтап қалу үшін пайдаланғысы келген. Қазақстанда жыл сайын 100 мыңнан астам шетел азаматы əкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оның 10 мыңнан астамы елден шығарылып жатады. 2015 жылдан бері елімізге келетін шетел азаматтарының саны жыл сайын 20 пайызға артып отырды. Шетелдiк жұмыс күшiн тарту квота беру механизмi арқылы жүзеге асырылады. 23 жастағы Арзу дәрігер болғысы келді. Бірақ, оқуын бітіре сала, жұмыссыз ата-анасы мен артынан ерген төрт бауырын асырау үшін шекара асты.
Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко «көші-қон саласындағы жемқорлықты жою керек», - дейді. Осыдан біраз күн бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының басшысы Нұрдәулет Төлегенұлы Ауғанстанның төрт азаматына Қазақстан азаматтығын алуға көмек көрсету үшін пара алу кезінде ұсталды. Осындай қалтасын қалыңдатқысы келетін азаматтардың кесірінен қаншама заңсыз миграцияға жол беріліп, қанша қаржы қазынаға түспей қалды.
2016 жылы тұрақты мекенжай бойынша 1 млн. 300 мың адам тіркелген болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 2 миллионға жетті. Министр жылдың соңына дейін барлық қазақстандық электронды үй кітапшасына енгізілетінін мәлімдеді.
Индира БЕГАЙДАР