«100 жаңа есімнің» бірі Гүлмира Әбдірашева 8 жылдан бері волонтерлық қызметті атқарып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«100 жаңа есімнің» бірі Гүлмира Әбдірашева 8 жылдан бері волонтерлық қызметті атқарып келеді

16.04.2018

«Қайырымдылық – қадірлі іс». Ұлттық музейде «Мейірімділік клубы» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Гүлмира Әбдірашевамен кездесу кеші өтті. Шараға студенттер, оқушылар мен мұражай қызметкерлері қатысты. Кеш барысында қайырымдылық жұмыстарының барысы сөз болды. Жастарға үлгі болған игі істің бастаушысы Гүлмира бүгінде «100 жаңа есім» жобасының тізіміне енген. Өзі 8 жылдан бері волонтерлық қызметті атқарып келеді. Ал, «Мейірімділер клубы» ұйымының қазіргі таңда мыңнан астам мүшесі бар. Топ жұмысын бастағалы 3 жылдан астам уақыт өтті. Сол кезден бастап 86 адамның  жұмысқа орналасуына себепші болған. Жүздеген  отбасыға қаржылай көмек көрсетілді. Ондаған кішкентай балақайдың ауыр дертіне қаражат жинауға жәрдемдесті. 

Гүлмира Әбдірашева, «Клуб добряков» қайырымдылық ұйымының негізін қалаушы:

Қандай жағдай болса да, қазақстандықтардың біреуге қолұшын созуға деген құлшынысы жоғары. Мәселен, қалалық сенбілікке шыққан кезде арамызда 11 жастағы бала болды. Ол бар ынтасымен айналаны тазартуға тырысып-ақ жүрді. Өзгелерге үлгі бола білді. Ал, еріктілер арасында кішкентай балалардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар да, егде жастағы  адамдар да бар. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу