«100 жаңа есімнің» үшінші маусымы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«100 жаңа есімнің» үшінші маусымы басталды

30.09.2019

Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады. 6 бағыт бойынша жүзеге асырылатын жоба биыл Жастар жылына арналады. Оған белгілі бір салада жетістікке жеткен 39 жасқа дейінгі кез келген азамат қатысады. Тағы бір айта кетерлігі, алғашқы іріктеуге азаматтар өзін-өзі ұсына алады. 

Ғылым, қоғам, медицина, бизнес, мәдениет және спорт. «100 жаңа есім» жобасының үшінші кезеңі дәл осы 6 бағыт бойынша жүзеге асады. Жобаның жүйелі жалғасуына – оның қоғам дамуына зор ықпал етуі,-деді министр. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Жоба елімізге Тәуелсіздік жылдарында оң ықпалын тигізген азаматтарды насихаттау, елімізді солардың жұмыстарымен таныстыру мақсатын көздейді. Екі жылдың ішінде жобаға 5 мыңға жуық адам қатысты. Екі миллионға жуық дауыс берілді. Осы дауыстарды жоба аясында қазақстандықтар берді. 130 азамат "100 жаңа есім" жобасына ілінді.

«100 жаңа есім» жобасына өтініштерді қабылдау ертең басталады. Қатысуға ниеттілер арнайы сайттағы сауалнаманы толтырады. Ақпарат ақ әрі нақ болуы шарт. Қатысушының өтінімі толық тексерістен соң, сайтқа шығарылады. Ал, қазанның 5-де онлайн дауыс беру басталады.  

Кемелбек Ойшыбаев, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы:

Өтініштер «100жаңаесім.рух.кз» ресми сайтында қабылданады. Бұл энциклопедия тектес сайт. Онда бұған дейінгі жоба қатысушылары мен жеңімпаздары туралы толық мәлімет жинақталған. Бір адам 6 дауыс бере алады. Яғни, 6 бағыт бойынша 6 үміткердің әрқайсысына бір дауыстан беруге мүмкіндік бар. Қатысушыларға алдын-ала сайланған әділқазылар да баға береді. 

Жеңімпаздардың жаңа есімдері желтоқсанда Елбасының қатысуымен өтетін үлкен жиында жарияланады. Айта кетейік, 2017 жылдан бастап "100 жаңа есім" жобасы көпшілікке еліміздің түкпір-түкпірінен келген білімі терең, үздік маман, нағыз үлгі боларлық азаматтардың түрлі саладағы жетістіктерін паш етіп келеді. Басты талап – Қазақстан дамуына қосқан жеке үлесі. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу