Ақмола облысы Волгодоновка ауылының тұрғындары экологиялық мәселені көтеруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысы Волгодоновка ауылының тұрғындары экологиялық мәселені көтеруде

13.04.2018

«Ауылымызды шаң басып, тозаңға тұншығып отырмыз». Ақмола облысы Аршалы ауданы Волгодоновка ауылының тұрғындары редакциямызға осылай деп шағымданды. Айтуларынша, елді мекеннің іргесінде орналасқан зауыт экологиялық талаптарды сақтамайды. Апта сайын жарылыс жасап, тұрғындарды зәрезап қылған.

Бұл тұрғындардың өздері түсірген таспа. Ауылдың дәл шетінде қиыршық тас өндіретін зауыттағы жарылыс. Қатпарды қазып, қырып алу мүмкін болмаған соң аптасына кемінде 1 рет осылай тасты үгітіп алады екен. Ал, нәтижесі мынадай болады.

Бұл Волгодоновканың ең шеткі үйі. Жалпы, ауылда 300-ге жуық түтін, 1000-нан астам тұрғын бар. Ал, жаңағы шаң тозаңдарды көтеретін жарылыстардың барлығы қарыс жерде тұрған зауытта ұйымдастырылады.

Ауылды басып, тұрғындарды тұншықтырған шаң халықты әбден шаршатқан. Тіпті қыста қардың өзі қара түске боялады. «Ал, лас ауа түрлі дерттің дендеуіне себеп болуда», - дейді мамандар.

Кәмшат Ермағамбетова, Волгодоновка ауылдық округі Фельдершік-акушерлік пунктінің фельдшері:

- Ауру бойынша бірінші орынды Волгодоновка алады. Анкология, қант диабетімен жылына 2-3 адам ауырады. Мұның бәрі нефрит. Силитраны жарған кезде масқара. Үйдің люстралары дірілдейді.

Ырысты Жалғасбаева, Волгодоновка ауылының тұрғыны:

- Жаздыгүні шөптің үстімен жүріп өтсеңдер, тізеден шаң болады. Цемент сияқты. Жарған кезде жаңағы тастардан үйімізге дейін дірілдейді. Мен өзім шетте тұрамын. Бұрын бізге бұлай білінбейтін. Қазір бұлар жақындап келе жатыр ма, әлде дозасын көбейтіп жатыр ма білмеймін. Итімізге шейін шошып қашады.

Зауыт пен ауылдың арақашықтығы жуырда өлшенген. Талапқа сай екен. «Жарылыстың әсерін бәсеңдетіп, жерге су сеуіп, шаң басу жұмыстарын жүйелі жүргіземіз». Компания директоры осылай деп отыр. 

Владимир Белозеров, «Нефрит Голд» ЖШС директоры:

- Барлық жұмыстар 100 пайыз заң шеңберінде жүргізіліп жатыр. Жарылыс болатын жерден елді мекенге дейінгі арақашықтық, детанация да талапқа сай. Қазіргі уақытта жарылыстың әсерін 20-30 пайызға азайтатын шараларды бастап жатырмыз. Ал, шаң басуға келетін болсақ, биыл 2 рет қана біздің кесірімізден ауылды шаң басты. Біз тиісті шараларды қолдандық. Бұл жағдай үшін тұрғындардан кешірім сұраймын. Алдағы уақытта бұл қайталанбайды, Су сеуіп, шаң басу жұмыстарын тоқтатпай жүргіземіз.

Волгодоновкалықтар жағдайды реттемек болып, облыстық экология басқармасына жүгінген. Тұрғындар түгел қол қойып хат жазған соң мемлекеттік мекеме жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде зауыттағы ауа тазалайтын аспирация жүйесінің жұмыс істемей тұрғаны анықталған. Кәсіпорынға айыппұл салынып, құрылғы жөнделгенше жұмысын тоқтату туралы нұсқама берілді. Ал, тұрғындар болса, өндіріс ошағы экологиялық шарттарды толық сақтамайынша күресе береміз деп отыр.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу