Елге қайтатын шетелдегі қандастарымыздың легі еселеп артуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елге қайтатын шетелдегі қандастарымыздың легі еселеп артуы мүмкін

06.04.2018

Себебі, оларға құжат рәсімдеуде бірқатар жеңілдік жасалмақ. Атап айтсақ, енді «оралман» мәртебесін бұрынғыдай бір жыл емес, одан да көп мерзімге алуға болады. Бұл шешім  қандастарымыз үшін нақты көмек болмақ. Қолданыстағы заңнама бойынша «оралман» статусы тек бір жылға берілетіндіктен, ол уақыт барлық құжаттарды рәсімдеуге жетпей қалып жатады. Сондай-ақ, енді өзге өңірлерге қоныстанатын жекелеген қандастарымызға да квота беріледі. Бұған дейін ол тек отбасыларға ұсынылатын.

Жанат Сұлтанғазыұлының әйелі Қытай қазағы, сол елдің азаматы. Елге 2016 жылы келіп, ықтияр хат пен бір жылға оралман мәртебесін алған. Алайда, заңмен беліленген бір жыл ішінде азаматтығын рәсімдеп үлгермеген. Ықтияр хатпен өзге де рәсімдерге көп уақыт кеткен. Енді не оралман мәртебесі жоқ, не азаматтығы жоқ. Тегін медициналық көмектен бастап, барлық мемлекет игілігінен қағылып отыр. Қытайдағы төркініне де бара алмайды. Себебі, әлі де сол елдің азаматы, шекара асса қытайдың қайта шығармай қоюға да құқығы бар.

Жанаттың жұбайына қазір азаматтық алудың бір ғана жолы бар. Ол қазақстандық күйеуімен бес жыл некеде болуы керек. Есесіне осындай мәселесі бар мыңдаған адамға мүмкіндік туып тұр. Себебі, көші-қон заңнамасына өзгеріс енбек. Енді оралман мәртебесі бітіп қалғаннан кейін де оны тағы бірнеше айға создыруға мүмкіндік беріледі.

Ауыт Мұқибек, Көші-қон саласындағы заңнама бойынша жұмыс тобының мүшесі:

Практика көрсеткеніндей мыңдаған қандастарымыз үлгеріп азаматтыққа құжат өткізе алмай қалды. Соған байланысты оралман мәртебесі тоқтаған күннен бастап, алты айдың ішінде қандастарымыз оны ұзартып беру туралы өтініш бере алады. 3 айға бір рет ұзартып береді. Бұл Парламенттен өтіп, Сенаттан өтіп, Мәжілістен өтіп, Елбасының қол қоюына кетті.

Жаңа заңда жалғызбасты қандастарымызға да квота беру көзделген. Бұрын оралман ретінде өңірлерге тек отбасылар ғана жіберілсе, енді жекелеген оралмандарға да квота берілмек. Яғни, оларға да үй-жайға, көшіп қонуға мемлекеттен қаржылай көмек көрсетіледі. Заңға кірмей қалған жаңа бастамалар да жоқ емес. Ол  «оралман» терминін өзге сөзбен алмастыру. Бұл мәселе де көп күттірмей шешілуі керек.

Нұржан Әлтаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Қазір «отандастар» тағы басқа терминдер қарастырылып жатыр. Комиссия жұмыс істеуде. Сол комиссияның қорытындысы бойынша біз сіздерге мәлімет беретін боламыз.

Тәуелсіздік жылдары елге 1 миллионға жуық қандасымыз оралған. Оның 60 пайызға жуығы Өзбекстаннан келген отандастарымыз. Қалғаны Қытай, Моңғолия, Ресей және Түркіменстаннан оралған қазақтар. Бейресми деректер бойынша Қытайда әлі бір жарым миллионға жуық, Моңғолияда 400 мыңнан астам  қазақ бар. Оған көрші Ресей мен Өзбекстандағы миллиондаған диаспораны қосыңыз.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу