Елімізде құрылыс қарқыны былтырғыдан кем болмайды

03.04.2018

Былтыр елімізде құрылыс саласында бұрын болмаған рекорд болып, 11 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Дегенмен, құрылыс қарқыны қанша артса да, пәтер кезегіндегілер азаяр емес. Бірер жыл бұрын баспанаға қатысты бағдарламалардың барлығы  «Нұрлы жер» бағдарламасына топтастырылды. Енді оған тағы да бір жаңа ипотекалық бағдарлама қосылмақ. Ол үшін арнайы компанияда құрылатын болады.  

Гүлмира Канияхметқызы мемлекеттік бағдарламамен Астанадан бір емес, екі бірдей пәтер алған. Бірін әкімдік кезегі арқылы, екіншісін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша жинап алды. Ол кезде Қазақстан бойынша баспанаң болмауы керек немесе Астанада тұрақты тіркеуің қажет деген талаптар болмаған. Қарапайым мұғалім болса да, тұрғын үй саласындағы жаңалықтар мен мүмкіндіктерді мүлт жібермейді. «Аз жалақыны да есеппен жұмсап, пәтер алуға болатынын дәлелдедім», - дейді.

Гүлмира Сейдахметова, №75 орта мектеп мұғалімі:

- Астанаға 2007 жылы келгенмін. Ол кезде менің тәжірибем 20 жыл болды. Мектепке кіріп, мемлекеттік бағдарлама бар екенін естіп, құжатымды тапсырдым. 2009 жылы баспаналы болдым. Банктің жұмысшылары маған тағы бір ұсыныс айтты. Тағы да бір үй алуға болады деді. Сол кезде бағдарлама «пул» деп аталды. Сол «пулмен» конкурсқа қатысып, 2013 жылы тағы бір үйге іліндім. Тәубә, қазір екі үйім бар. Сонда тұрып жатырмын.

Қазір мемлекеттен арзан тұрғын үй алудың түрлі жолдары бар. «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек деволопмент», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен «Қазақстан ипотекалық компаниялары» арқылы пәтер алып, талай адам қоныс тойын тойлады. Тек былтыр ғана «Бәйтерек деволопмент» компаниясы 7200 пәтер салған. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 16 көп қабатты үй немесе 1500 пәтер берілді. Осылайша, өткен жылы құрылыс нарығында бұрын-соңды болмаған рекорд тіркелген.

Мархаббат Жайымбетов, ҚР Инвестициялар және және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй шаруашылығы комитетінің төрағасы:

- Былтыр 11 млн. 200 мың шаршы метр үй салынды. 101 мың пәтер. Биыл да сол көрсеткішке жетеміз деп отырмыз. Өйткені, салыстырмалы түрде 1991 жылы 6 млн. шаршы метр ғана салынған еді.

Үкімет бұл рекордты биыл да қайталаймыз деп отыр. Дегенмен, құрылыс көлемі қанша артса да, баспанаға мұқтаждар саны азаяр емес. Қазір әкімдіктердің пәтер кезегінде 450 мың адам, жер кезегінде 1,2 млн адам тұр. Мәселені шешу үшін Президент жақында жаңа бастама ұсынғаны белігілі. 25 жылға дейінгі жеті пайыздық ипотека бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банкке қарасты арнайы компания құрылады. Бұл бағдарлама бойынша Үкімет бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер ұсынбақ.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу