Батыс Қазақстан облысында құрылыс қарқыны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында құрылыс қарқыны артты

11.01.2014
Батыс Қазақстан облысында құрылыс қарқыны артты
Баспананы Астана ғана емес, басқа да салады. Батыс Қазақстан облысы үй салудан көш бастады. Жылжып өткен жылан жылында өңірде 247 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Биыл да бұл жұмыс үдей түспек. Өйткені облыста бірден екі үй құрылысы комбинаты іске қосылады.
 
«СВ плюс» серіктестігі іске қосқан үй құрылысы комбинатының өндірістік қуаттылығы жылына 40 мың шаршы метр баспана тұрғызуға жетеді. Бұл үшін мұнда құрастырмалы каркастар дайындалады. Аталған материалдар Орал қаласындағы екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысында пайдаланылуда.
 
Алдияр Айтқұлов, цех басшысы:
Колонна ригель шығарамыз. Сменге ригельді 18 текше шығарамыз, калонна 25. Жылдам шығарады, бізге жұмыс ұнайды.
 
Екінші комбинат екі айдан кейін іске кіріседі. Мұнда шығарылатын құрылыс материалдары ірі панельді және монолитті құрылыс жүргізуге арналған. Шетелде шеберлік шыңдаған жергілікті мамандар Алмания мен Италиядан әкелінген заманауи жабдықтарды орнату мен құрастыруды толықтай өз күштерімен жүзеге асырып жатыр. Өндірісте 45 адам жұмыспен қамтылмақ.
 
Асқар Қощанов, «Болашақ-Т» ЖШС бас директорының орынбасары:  
Панель деген бір-біріне қосылып жиналады да үстіне плита жабылады. Этаж этаждан солай көтеріле береді. 9 этажға дейін көтеруге болады.
 
Жалпы құны 4,6 миллиард теңге болатын қос жобаны жүзеге асыру «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мүмкін болды. Кәсіпорындардың несиесінің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, қаржылай қолдауға ие болды. Жаңа өндіріс орындары өңірдегі құрылыс қарқынын арттыруға оң ықпал етпек.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу