Онлайн несие орға жықпай ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Онлайн несие орға жықпай ма?

02.04.2018

Бүгінде қазақстандықтарды қаржылай қиындықтан құтқаратын да, қайтадан қақпанға құлататын да құйтұрқы құрал несие болып тұр. Мәселен, қазір онлайн және жедел несие деген қызмет түрі көбейді. Жалғыз куәлікпен барып, куәсіз-ақ, қалаған соманы тез аласыз. Бірақ, төлемінің төркіні - тауқыметтің түбінде. Өйткені, сол онлайн-кредиттердің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 730 -дан, тіпті, 1300 процентке дейін жетеді. Осылай деп, тұрғындар наразылық білдіруде.

Альбина Елдашева онлайн-несие қызметінен 60 теңге алған. Салмақты себептермен төлей алмапты. Енді, қазіргі қарызы 1 млн. 200 мың теңгеге жеткен. Бірақ, соңғы аптада қоғамның осы мәселеге қатысты дүмпуін байқаған несиелік ұйым жеңілдік жасаған көрінеді.

Альбина Елдашева, қала тұрғыны:

- Маған ұйымның өкілдері хабарласып, тек 90 мың теңге төлеңіз деп акция ұсынды. Енді мен компанияға бір жыл бойы 7 жарым мың теңгеден төлеймін. Мен бірден келістім. Өйткені, осындай шешім үшін мен бір жарым жыл бойы күресіп келемін.

Астаналық Гүлзат та осы онлайн-несиенің қызметін тұтынған. Әуелде 120 мың теңге алыпты. Ақшасы болмағасын 59 мың теңге төлеп, мерзімді ұзартқан. Жеңілдік жасауларын өтініп келеді. Бірақ, қазіргі қарызы 300 мыңнан асып кеткен.

Екінші деңгейлік банктер мен микрокредиттік ұйымдардың жылдық пайыздық мөлшерлемесі 56 проценттен аспайды. Заң солай. Бірақ, онлайн-несиелерде шектеу жоқ сияқты. Өйткені, олардың мөлшерлемесі мың пайыздан да артық боп жатыр.

Рахым Ошақбаев, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

-Төлем тоқтаған кездегі пайыз бен басқа да комиссияларды шұғыл реттеу керек. Сондай-ақ, жеке тұлғаның банкрот болуын заңмен қарастыру керек. Өйткені, қарызды төлеуге шамасы мүлде жоқ адамды банкрот деп тапқан дұрыс. Мысалы, заңды тұлға мен банктер банкрот болып, барлық жауапкершіліктен босатылады ғой. Тап сондай шешім керек. Өйткені, бұл әділетсіздік.

Ал,  әлемдік тәжірибеде заңмен шектеу бар. Мәселен, Германияда жылдық пайыздық мөлшерлеменің ең көбі - 36 пайыз. АҚШ-та да солай. Ұлыбританияда қарызды төлеу процесі тоқталса, бар болғаны 15 фунт-стерлинг қана қосылады екен. Яғни, 7 жарым мың теңге. Ал, бізде мыңдап емес, миллиондап өседі. Бұл мәселеден Ұлттық банк хабардар. Олар онлайн-несие ұйымдарының жылдық пайыздық мөлшерлемесі ең көбі 100 пайыз қылуға мүдделі. Парламентте де заң жобасы  қарастырылуда.  Бірақ, бұл уақыттың еншісіндегі шешім. Ал, уақыт Айгүл сияқты адамдар үшін қып-қызыл ақшамен тең.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу