Бүгінде қаладағы әр үйдің кіреберісіндегі есікте тұратын, халық «домофон» атап кеткен электронды құлыпқа тұрғындар ай сайын ақша төлейді. Алайда, бұл қаншалықты заңды? Әлеуметтік желіде қазір елордалықтар осы мәселені көтеруде. Тұрғындар бұл төлемнің үйдің ортақ қажеттіліктеріне енгізілуіне наразы.
Орнатқанда бір төлейсің. Кейін ай сайын тағы түбіртекпен шот келіп тұрады. «Бұл қалтаға аса салмақ салмай, аз-аздап халықтың ақшасын тонау»,- дейді жұрт. Астанада бұл қызмет айына 300-500 теңге аралығында. Заңгерлер де бұл төлемнің міндетті емес екенін растап отыр.
Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша осы құрылғыны орнатып, қызмет көрсететін 40-қа жуық компания бар. Олардың пікірінше, егерде бұл төлемді алып тастаса, есіктердің көпшілігі көп ұзамай бұзылып қалады.
Григорий Бауман, кәсіпкер:
- Есіктің дұрыс жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ету көп еңбекті талап етеді. Егерде оны қадағалап, жөндеп тұрмаса, онда ол бір жылдан кейін бұзылуы мүмкін. Қарапайым ғана мысал, мәселен, есікті майлап тұрмаса, ол тот басып сынып қалады. Сондықтан да, мен бұл төлемді алып тастау керек деген пікірмен келіспеймін.
Біз сұхбаттасқан компания 4 мыңға жуық пәтерге қызмет көрсетеді. Ол электронды құлыптардың дұрыс істеп тұруын бір ғана маман қадағалап, жөндеп тұрады екен. Ал, қала тұрғындарының көпшілігі бұл төлемнің бар екенін де білмейді. «Келіп жатыр, төлеп жатырмыз»,- дейді.
Шерхан Жамбылұлы:
- Иә, құпиясы бар құлыпқа ай сайын төленетін ақша көп емес секілді. Бірақ, қала масштабы тұрғысынан қарасақ, әжептеуір қаржы жиналады. Мұны есептеу соншалықты қиын шаруа емес. Астанада қазіргі таңда 300 мыңның төңірегінде пәтер бар. 300 мыңды 350-ге көбейтсек 105 млн. теңге. Бұл тек айына. Ал, жылына миллиард теңгеден асады.
Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығында бұдан өзге қандай түйіткілдер бар? Ертең 20:00-де «Мәселе» бағдарламасынан көріңіздер.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ