Семейде жағалауға жақын үйлерді су алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде жағалауға жақын үйлерді су алып жатыр

30.03.2018

Семейде су тасқынына байланысты қала бойынша төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы қала әкімі Ермак Сәлімов мәлімдеді. Ертіс өзенінде судың тез көтерілуіне байланысты кеше өзенде алғашқы мұз жару жұмыстары жүргізілді. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, жағалауға жақын орналасқан бірнеше үйдің терезесі сынып, тұрғындардың зәресін ұшырды. Суы күрт молайған Ертістің ағысын реттеуге әрекет жасалғанымен, су алу қаупі сейілер емес. Өзен арнасынан асып Пристань ауданының бірқатар үйлерін су басқан. Тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілген. Адамдардың көбі жұмыста болғандықтан, үйлеріне маңайлай алмады. Кейбірінің қораларында малдары қамаулы қалды. Ал түс ауа Ертістің сол жағалауындағы халық тығыз орналасқан Бобровка саяжайын да су алды. 

Ерлан Түсіпов, қала тұрғыны: 

Су басу 20 жылда бірінші рет болып тұр. Судың тереңдігі 2 метрден асып кетті. Үйдің бәрі қалды. Ештеңе алып үлгермедік. Халықтың мұңын өздеріңіз көріп тұрған шығарсыздар.

Ал, Қызылорда облысы Қазалы ауданының Абай ауылы  тұсында да  Сырдария өзенінде мұз кептеліп, қорғаныс бөгетін 3 жерден жырып кетті. 

«Шағала» лагерінің аумағын су алды. Лагерь жазғы уақытта ғана жұмыс істейтіндіктен, ол жерде ешкім болмаған, зардап  шеккендер жоқ.  Қазір  су деңгейін төмендету және қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру үшін Басықара су торабының қақпағы жабылды, мұз жару жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазалы ауданына қарасты Сарыкөл, Өркендеу, Арықбалық, Көларық және Майдакөл ауылдарын су басу қаупі бар.

Хабарламаларға жазылу