Алматы - еліміздегі жастардың 40 пайызы шоғырланған студенттер қаласы. Мұнда көрші мемлекеттер мен Еуропадан келіп оқитын студенттердің саны бес мыңнан асады. Ал, еліміздің барлық өңірлерінен білім іздеп келген студенттер төрт жүз мыңға жуықтайды. Сондықтан, мегаполис білім-ғылымның өркендеп, қала мәдениетінің гүлденген жері. Білім қуған жастар жаңару мерекесін бір ай бойы тойлап бір жасап қалады. Өйткені, бұл мерекелік шараларда әлемнің әр түкпірінен жиналған студенттер өнерлерін көрсетіп, өзара пікір алмасып, ұлттық ерекшеліктерін таныстырады. Осы себепті бұл озық техниканың тілін игеруге ұмтылған тәлімгерлердің ежелгі салт-дәстүрмен тереңірек танысатын алаңы десек болады.
Тілші Нұрлан Асқарұлы жастардың Наурыз тойына қатысып, игі тілек, ізгі ниеттерін тыңдап келді.
Ауған мемлекетінің азаматы Уасих Шарафи арман қуып Алматыға өткен жылы қыркүйекте келген. Келген де оқуға кірісіп кеткен. Содан бері Қазақ елінің салт-дәстүрі туралы көркем шығармалардан көп оқыды. Бірақ, сол оқығандарын шынайы өмірде қолымен ұстап, көзімен көргісі келетін. Наурыз мейрамында сәті түсіп киіз үйге кіріп, домбыраны шертіп те көрді. Білім іздеп келіп, жаңа жолдастарын тапты. Тіпті, кейбіреулерімен айнымас дос болып кетіпті. Ол техникалық мамандықта оқыса да қазақтың өткен өмірі, ауыз әдебиеті, көшпенділер мәдениетіне қатты қызығады.
Уасих Шарафи, студент /Ауғанстан/:
- Өткен жылы мен Алматыға оқу үшін келдім. Қаланың табиғаты әдемі. Наурыз мейрамымен құттықтаймын, соғыс болмаса, бейбітшілік, жақсылық, береке, бірлік, жақсы байланыс, адамгершілік болсын.
Алматы Уасих секілді жастығы мен бостығын білім игеруге арнаған студенттердің үлкен өмірге қанат қаққан құтты мекені. Сондықтан, олар береке мен бірліктің бастауы болған Ұлыс күнін атап өту арқылы байырғы жол-жоралғылармен танысып білім көкжиегін кеңейтеді. Қазақ жерінің киесін, елінің елгезектігін таныған жастардың барлығы қазақ тілін игеруге ұмтылып жүр. Оларды әсіресе, қазақтың қолөнері мен тұмса табиғаты ерекше әсерге бөлеген.
Наурыздағы кең дастархан мен ұлттық тағамдар Жер шарының түкпір-түкпірінен келген жастар үшін молшылық пен тоқшылықтың, бірлік пен берекенің бастауы. Ақ дастарханнан дәм татқан білімгерлер қазақтың қонақжайлығына көз жеткізді.
Жасұлан Сәрсенбай-тегі, студент:
- Шуақты көктеммен бірге келген Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын. Ұлыстың ұлы күні барлық шаңыраққа құт-береке, бірлік алып келсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Шетелдік студенттер қазақтың ұлттық спорттық ойындарын көріп, өнерпаздардың күмбірлеген күйі мен әуезді әнін тыңдады. Олар қазақ даласын қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған құтты қоныс деп есептейді. Ал, болашақта еліміздің даналығы мен дархандығын әлемге әйгілейтін осы Алматыдағы білім ордаларынан түлеп ұшқан мамандар болмақ.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ