Банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 10,5 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 10,5 жылға сотталды

16.03.2018

Бүгін Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды.

Тергеу қорытындысы бойынша 14 жыл бұрын Мұратхан Тоқмәди Жамбыл облысының Қордай ауданында аңшылық кезінде банк басшысы Ержан Тәтішевті қасақана атып өлтірген. Күдікті кінәсін толық мойындады. Қанды қылмыстың мән-жайын анықтау барысында 11 сот процесі өтіп, 80-нен астам куәгерден жауап алынды. Шет ел сарапшыларының қорытындылары тыңдалды. Мемлекеттік айыптаушы «шыны королі» атанып кеткен кәсіпкерді 12 жылға соттауды сұраған. 78 томдық қылмыстық істі зерделеген судья Мұратхан Тоқмәдиді 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 

Азамат Тілепов, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

- Мұратхан Тоқмәди ҚР Қылмыстық Кодексінің 96-бап, 2-бөлімінің ж,з тармақтары бойынша айыпты деп танылсын. 2017 жылы Алмалы аудандық соты тағайындаған жазаның кей бөлімдерімен сәйкестендіріліп, дүние-мүлкін тәркілеусіз кесімді түрде 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылсын. Жазасын барынша қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін.

Евгений Ягорский, Тәтішев отбасының қорғаушысы:

- 14 жыл өтті ғой. Осы жылдар бойы біз бұл қылмыстың қасақана жасалғанын түсініп келдік. Тоқмәдидің өзі де кінәсін мойындады. Кесілген үкімге толық қанағаттанамыз.

Хабарламаларға жазылу