Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қозғалған іске қатысты сот процесі жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қозғалған іске қатысты сот процесі жалғасуда

25.02.2018

Таразда «Тұран әлем банкінің» бұрынғы қожайыны Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты қозғалған аты шулы іске қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Әрбір отырыс сайын тың деректер айтылып, қылмыстық істің ақ-қарасы анық бола бастады. Белгілі кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиге банкир Ержан Тәтішевке қастандық жасады деп айып тағылғаны белгілі. Сот отырысында ол өзі жасаған қылмысын толық мойындады.

Ал, жұма күнгі сот отырысында тапсырыс берушінің де кім екені айтылды. «Банк Тұран әлем» қожайынын қалай өлтіргенін тәптіштеп түсіндірген Тоқмәди тапсырыс берушінің есімін жариялады. Ол – аты шулы қашқын банкир Мұхтар Әблязов болып шықты. Әблязов Тоқмәдиге тапсырысты орындау үшін 4 млн доллар берген. Айыпталушы мұның бәрін толықтай мойындап отыр. Тараздағы Тоқмәди ісіне қатысты сот процесі әлі біразға жалғасуы мүмкін. Келесі тыңдалым 27-ақпанда өтпек. Сол күнгі отырыста АҚШ-тан арнайы шақыртылған криминалист мамандардың жауабы тыңдалады.  Олар сот алдында өздері жүргізген сараптама нәтижесін жария етпек. Ержан Тәтішев отбасының адвокаты Евгений Яворскийдің өтініші бойынша, шетелден келген үш маманның екеуі – криминалистика саласында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі қызметкерлер. Ал, біреуі – отты қарудан өлтірілген азаматтарға қатысты қылмыстық істерді ашуға маманданған.

Хабарламаларға жазылу