Қашпақ болған Мұратхан Тоқмади ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашпақ болған Мұратхан Тоқмади ұсталды

09.03.2018

Кеше кешкісін Тараз қаласы дүрлігіп, құқық қорғау қызметкерлері аяғынан тік тұрды. Үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот процесі әлі жүріп жатқан Мұратхан Тоқмади қашып кетті деген хабар әп-сәтте елге тарап үлгерді. Мұратхан Тоқмәди былтыр 12-маусымда ұсталған болатын. Оған Мұхтар Әблязовтың тапсырысы бойынша «Тұран әлем банкінің» бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді деген айып тағылған. «ҚазШыныҚұрылыс» зауытының басшысына қатысты сот ісі Алматыда басталып кейін ол Тараз қаласына ауыстырылған еді. Кейін айыпталушы денсаулығының нашарлап кеткенін айтқан. Дәрігерлік көмек көрсету үшін Мұратхан Тоқмади облыстық ауруханаға жатқызылған.  Бірақ, осы жерден қашпақ болған Мұратхан Тоқмади көп кешікпей құрықталды.

8-наурыз. Тараз қаласы. Кешкі сағат 19:30-дан кейін облыстық ауруханадан қашып кеткен Мұратхан Тоқмадиге іздеу жарияланған парақша әлеуметтік желі арқылы бүкіл Қазақстанға тарап үлгерді. Үстінен қылмыстық іс қозғалған, сот процесі әлі аяқталмаған күдіктінің күзетсіз қалмайтыны белгілі. Оның үстіне қазір барлық мекемеде бейне бақылау бар. Сөйте тұра, сырқатты күдікті қалай сытылып кетті? Аурухана мамандары бұл жайында ештеңе білмейді. Тіркеуге алынды ма, ол жағы да беймәлім.

Суыт хабардан кейін құқық қорғау органдары жағдайды дереу бақылауға алды. Қаладан сыртқа шыққан көліктер түгел тексерілді, тіпті, темір жол бекеттеріне дейін күзет қойылды. Суреті және айрықша белгілері жазылған парақшалар да жылдам тарады. Бірақ, түн ішінде дүрліккен Тараздың дүбірі таңға жетпей басылды. Алдын ала айтылған мәлімет бойынша қаланың 1- ықшам ауданында күдікті қолға түскен. Не үшін қашпақ болды, ол әрекетіне кімдер көмектесті және бұған жергілікті полиция қаншалықты жауапты? Бұл сұрақтарға әзір жауап жоқ. Ресми органның берген мәліметі тек мынау ғана. «Мұратхан Тоқмәди жүргізілген шаралар барысында жедел түрде ұсталып, Жамбыл облысындағы 158/1 мекемесіне уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта Тоқмәдидің қалай және не себепті қашып кеткені анықталып жатыр». 

Мұратхан Тоқмәди осыған дейінгі сот отырысында өз кінәсін мойындаған еді. Оны үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралған. Енді мына әрекетінен кейін жазасы қаншалықты өзгеретіні әзірше белгісіз.

Бүгін кешкісін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Мұратхан Тоқмадидің видеосын жариялады. Ол жерде өз кінәсін мойындап және қашуға әрекеттенгені қателік болғанын айтқан.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу