Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

20.02.2018

Қазақ телевизиясының қара шаңырағында талай жас журналистиканың қазанында қайнады, кәсіби маман ретінде қалыптасты. Өңірдің жаршысы болған «Qyzylorda» телеарнасына да сол жастармен бірге ерекше леп келді. Тың ойлар, жаңа идеялар жүзеге асты. Уақыт тынысын бейнелеген, тарих қатпарында қалатын қайталанбас қас-қағым сәттерді таспалаған, бір сөзбен айтқанда, қалам ұстаған қайраткерлердің өлшеусіз еңбегі қазір - ұлт мұрасы.

Көгілдір экраннан 27 жыл бұрын таратылған бұл хабар облыс үшін айтулы оқиға болды. Сырдың сырлы сандығы 1-мамыр Еңбекшілер күніне орай өткен орталық алаңдағы шарадан тікелей репортаж жүргізді. Телеарнаның алғашқы журналистері шерудің тынысын дәл жеткізді. 45 минуттық шығарылым көпшіліктің көңілінен шықты.

Содан бері ширек ғасыр өтті. Осы жылдар аралығында талай бағдарлама эфирге шықты. Талай жоба жүзеге асты. 

Айткүл Шалғынбаева – облыстық телеарналар ішіндегі алғашқы ақпараттық-сараптамалық  бағдарламаның авторы әрі жүргізушісі. Қазақ телевизиясының қара шаңырағында жинақтаған тәжірибесін облыстық телеарнада шыңдаған Айткүл Жетібайқызы өңір ғана емес, тұтас ел үшін маңызды мәселелердің оң шешім табуына журналист ретінде ықпал етті.

Айткүл Шалғынбаева, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

- Студенттік шақтан бастап осы қазақ телевизиясымен етене танысып, журналистиканың не екенін біліп, қазақ тележурналистикасының мэтрларынан сабақ алып, үлгі түтіп, үлкен мектептен өттім. Яғни, қазақ телевизиясы менің азаматтық позициямның, журналистік көзқарасымның, журналистік  позициямның бекіген жері, қалыптасқан жері.

Ал, Ержан Уәйіс - қазақ телевизиясы мен радиосының шетелдегі тұңғыш арнаулы тілшісі әрі Тұңғыш Президенттен сұхбат алған бірінші журналист. Қазақ телевизиясының дамуымен бірге өсті, шыңдалды, қалыптасты, майталман маман болды. Телеарнаның табалдырығын 18 жасында имене аттаған бозбала барлық сатыдан өтті. Режиссердің көмекшісі, ассистенті, редактор, тілші, саяси шолушы, диктор болды.

Ержан Уәйіс, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Суфлер жоқ болатын. Бүкіл қабілетіңмен және дауысыңмен, киім киісіңмен Көркемдік кеңестің сүзгісінен өтетін едік.

Ержан Уәйіс Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы байланыстары мен Елбасы туралы алғашқы деректі фильмдердің де авторы. Дінмұхамед Қонаевпен сұхбаты – құнды жәдігер.

Қазақ телевизиясы тарихында ұмытылмайтын, өшпейтін, өшірілмейтін сәттер көп. 1958 жылдан бері телетіршілік тоқтаусыз жаңғырып, жанданып, жаңарып келеді. Телевидение – «тірі организм», қимылында тоқтау жоқ. Техника жетіледі, мүмкіндік кеңейеді, талап күшейеді. Бірақ, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу