«Абу-Даби Плаза» кешенінде қысқартылған жұмысшыларға өтемақы төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Абу-Даби Плаза» кешенінде қысқартылған жұмысшыларға өтемақы төленеді

06.02.2018

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова тілшілерге осылай деді. Бұл хабарды түстен кейін әкімдік өкілдерімен кездескен жұмысшылар да естіді. Қазір Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасымен жанжалды реттеу және осындай оқиғалардың алдын алу бойынша жұмыс тобы құрылды.

Күнде барып жүрген құрылыс алаңына кіре алмай, маңдайлары тасқа соғылған «Абу-Даби Плаза» жұмысшылары бүгін кеңсе алдына жиналды. Аяқастынан қызметтен қысқартылған олар өтемақы талап етіп, билік өкілдерімен кездесті. Кешеден бері құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған жұмысшылар бүгін талаптарының орындалғанын естіп, көңілдері орнына түсіп, тарасты.

Мұхтар Қалдыбек, қосалқы мердігер ұйымның жұмысшысы:

 - Екі күннен бері өтемақыны сұрап шыққанбыз.  Шешті. 7 сағаттан дейді.

Жанжалға түрткі болған нәрсе – жұмысшылардың қысқарту жайлы алдын ала ескерту алмауы. Ал, әкімдік өкілі араб компаниясының 19 қаңтар күні жұмысшыларға қысқарту жайлы ескерту бергенін айтады.

«Абу-Даби Плаза» құрылыс алаңында барлығы 4453 адам жұмыс істейді. Олардың 3 288-і араб («Arabtec Consolidated Contractors Limited») компаниясында кестеге сай қызмет етеді. 2 428-і шетел азаматы, 860-ы қазақстандық. Қалған 1 мыңнан астам адам 87 мердігер кәсіпорында еңбек етеді. Олардың 939-ы - қазақстандық, 226-сы - шетелдік. Әкімдік өкілі қысқартуға ұшыраған 400 емес, 62 адам ғана деп жұмысшылар сөзін жоққа шығарды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біріншіден, әрбір азаматты жұмысқа шақырған кезде уақытын белгілеген. Сол уақыты тәмамдалғаннан кейін азамат жұмыстан шығуы керек. Ал, егер де еңбек шарты 1 жылға белгіленген болып, ортасына шығарып жатса, мен сізбен келісетін едім. Сондықтан, біз Еңбек инспекциясының жұмысын соңына дейін күтейік.

Астананың ең көрікті ауданында орналасқан ғимараттың құрылысы 2013 жылы басталған. Содан бері басынан бұлт арылмады. 5 ай бұрын үндістандық жұмысшылармен жанжал болды. Өртеніп те үлгерді. «Осындай жағымсыз жағдайлардың көп болуының өзі инвестор жұмысының шикілігін көрсетеді», - дейді қоғам белсендісі.

Ерлан Саиров, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:

- Қайшылықтың ошағы қосалқы мердігерлік ұйымдар емес, инвестор. Олар  біздің елдің этикалық нормалары бойынша жұмыс істеуге дайын болып келу керек.

«Абу-Даби» кешенінің құрылысы 2019 жылдың көктемінде аяқталуы тиіс. Жұмыс көлемі азайған сайын мұнда жұмысшылар да қысқара бермек. Өткен жылы 2000-нан астам шетелдік және 4 мыңнан астам қазақстандық жұмыстан шығарылған. Ендігі мәселе – қызметтен қысқартылған жұмысшыларға екі қолға бір күрек тауып беру.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу