Төтенше жағдайдың салдарынан Астананың өзінде 7 ғимараттың шатыры ұшып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдайдың салдарынан Астананың өзінде 7 ғимараттың шатыры ұшып кеткен

12.01.2018

Қарлы боран коммуналдық қызметтер мен құтқарушыларды әбігерге салғаны сөзсіз. Төтенше жағдайдың салдарынан Астананың өзінде 7 ғимараттың шатыры ұшып кеткен. Қала маңайынан 149 адам құтқарылған. Оның 17-і бала. 66 техника қар құрсауынан шығарылды. Елорда аумағында 35 мың текше метр қар тазаланып, 565 текше метр құм себілген. Ал, Ақмола облысында 7 ғимараттың шатыры ұшып кеткен. 16 елді мекеннің кейбір үйлерінде жарық өшіп қалған. Жолға шығып, қар құрсауында қалған 50 адам құтқарылды.

Қарағанды облысында қатты бұрқасын 5 ғимараттың шатырын жұлып әкеткен. 183 адам, оның ішінде 1 бала эвакуацияланды. 4 көлік сүйреп шығарылды.

Павлодар облысына келетін болсақ, дүлей жел 11 ғимараттың шатырын ұшырған. Төтенше жағдайға байланысты 4 мыңнан астам адам көмек және ақпарат алу үшін хабарласқан. Бұл өңірде 160 ересек, 9 бала құтқарушылардың көмегімен аман қалды. Сондай-ақ, 38 техника қар құрсауынан шығарылды. Жалпы, қаңтардың 11-і күні 3 облыс пен Астана бойынша 300-дей құтқарушы мен 100-ден астам техника жұмыс істеген.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу