Жалағаш кентінде қатты желден шатырлар ұшты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалағаш кентінде қатты желден шатырлар ұшты

07.07.2022

Қызылорда облысының бірқатар ауданында бұршақ жауып, соңы қатты желге ұласты. Салдарынан Жалағаш кентінде екі үйдің шатыры ұшып, электр желілері үзілген.

Төпелеп жауған бұршақтан көліктердің әйнегі шытынап, терезелер сынған бейнежазбалар әлеуметтік желіге тарап кетті. Оқыс жағдайдан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, екпінді дауылдан көппәтерлі тұрғын үйдің 500 шаршы метрді құрайтын шатыры ұшып кеткен. Сол маңдағы электр бағаналары мен екі көлікке зақым келіп, авариялық жағдай туындады. Табиғи құбылыстан егін-жайға қаншалықты зиян тигені әзірге белгісіз. Мамандар шығын көлемін әлі анықтап жатыр.

Нұрбол Исанов, облыстық ТЖД бөлім басшысы:

Жалағаш кенті Қызылорда су торабына қарасты тұрғын үйдің шатыры жартылай ұшып, электр сымдарын зақымдағаны туралы хабарлама түсті. Қазіргі таңда осы жағдай бойынша комиссия құрылып, орын алған төтенше жағдай барысында келтірілген шығындарды есептеу жұмыстары жүріп жатыр.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу