Мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс беруге құлықсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс беруге құлықсыз

10.01.2018

Астананың Алматы ауданы «Мүгедектер қоғамы» ұйымы өкілдері біраз уақыттан бері тиісті органдар мен мекемелердің табалдырығын тоздырып келеді. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс беруге құлықсыз. Бұл проблеманы шешудің бір жолы биылғы Жолдауда көрініс тапты. Құжаттың 7-тармағында еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдаудың күшейтілетіні айтылды. Сондай-ақ, Елбасы осы жылдың 1-шілдесінен бастап бірінші топтағы мүгедек балаларын бағып отырған ата-аналар үшін де қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырды.

Салық Айдарқұлов осыдан 15 жыл бұрын аяқ астынан инфаркт болады. Ол аздай ұзамай екі рет және инсульт алып, ұстаздық етіп жүрген жерінен еңбек етуге жарамай қалады. Бүгінде 3-топ мүгедегі. Мемлекеттен алатын әлеуметтік жәрдемақысы 30 мың теңгеден сәл асады. Алайда,  бұл қаражат отбасын асырауға жетпейді. Сол себепті жұмыс іздеп жүр. Бірақ, әзір өзіне ыңғайлы жұмыс таппаған.  

Салық Айдарқұлов, 3-топтағы мүгедек:

 - Ер кісі үйді асырау керек. Өзімнің мамандығыммен жұмыс табылмағаннан кейін өзім жүргізуші болдым. Екінші, үшінші топтағы мүгедектерге жұмыс болса екен, соған Үкімет басындағылар қараса екен.

Еліміздің заңнамасында мүгедектердің де еңбек етуіне мүмкіндік беретін тармақ бар. Яғни, кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлерінің 2,5 пайызына дейін осындай жандарды алу қарастырылған. Ал, редакциямызға хабарласқан ұйым өкілдері осы заңның орындалмайтынын айтады. Себебі, физикалық жағдайын сылтауратып оларды жұмысқа алудан қашқақтайды екен. Ал, жауапты министрлік осы жылдан бастап мәселені басқаша шешпек. 

Қоғамның әлжуаз тобы үнемі мемлекет назарында. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі жандардың түйткілін реттеуге Елбасының өзі үнемі назар аударып келеді.     

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Министрліктегілер жұмыс беруші мен жұмысқа орналасушы, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін электронды еңбек биржасы арқылы да шешуге болады дейді. Елбасының бүгінгі Жолдауында да осы бағдарлама айтылған еді. Яғни, мүгедектер ортақ база арқылы өздеріне қажетті әрі ыңғайлы қызметті жұмыс берушімен тікелей талқылап, таңдап ала алады.

Жалпы, Астана қаласы бойынша 21 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Өкінішке қарай, өткен жылы олардың тек 572-сі  ғана жұмыспен қамтылған. Біздің кейіпкеріміз Салық Айдарқұлов осы жылы екі қолға бір күрек табамын деп үміттеніп отыр. Себебі, ортақ база құрылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа жобасы жүзеге асса, өзі ғана емес, мүгедектер қоғамы ұйымындағы 600-ге жуық азамат та жұмыс табар еді.   

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу