Астанада «Көмек» әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Көмек» әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды

18.09.2015
Астанада «Көмек» әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды

Бүгін Астанада «Көмек» әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созу, оқыту және жұмысқа орналастыру.

«Көмек» орталығы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, ««ЖасНұр» саңыраулар ассоциациясы» ҚБ қолдауымен ашылды. Бұл әлеуметтік жоба «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігі және «ДОС» Тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігімен бірлесе жүзеге асырылуда. Бірлестіктің әрқайсысы 10 жылдан артық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер қолайлы жағдайда уақыт өткізіп, дами алады.

«Орталық үш бағытта - шаштараз, визажист және маникюр курстары бойынша жұмыс істейді. Бұл жерге мүмкіндігі шектеулі адамдар келіп, тегін оқып, осы курстарда кәсіби біліктілігін жетілдіреді. Бүгінгі таңда шаштараз курсында 15 адам, маникюр курсында 10 адам оқып жатыр. Сондай-ақ, орталық аясында галерея көрмесі ұйымдастырылған, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар жасаған бұйымдар қойылған»,-дейді ««ЖасНұр» саңыраулар ассоциациясы» ҚБ төрайымы Қызыгүл Сембина.

Айта кетейік, «Көмек» орталығында гуманитарлық орталық жұмыс істейді. Мұнда киімдер жиналып, көмекке зәру жандарға беріледі. Сондай-ақ, «Думан» СО бірінші қабатында және «Азия парк» СОО тұрағында бокстар бар, онда қала тұрғындары өз киімдерін әкеле алады. Күн сайын гуманитарлық орталыққа он шақты адам келеді.

Хабарламаларға жазылу