Сырдариядағы судың мөлшері ең жоғары белгіге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдариядағы судың мөлшері ең жоғары белгіге жетті

09.01.2018

«Бұл - өте қауіпті», - дейді мамандар. Соңғы 15-20 жылда мұндай жағдай болмаған. Сондықтан, Қызылордада тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. Бөгеттің осал тұстары нығайтылып, өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда. 

Су деңгейінің көтерілуі, әсіресе, Қызылорда қаласына қауіп тудырып отыр. Себебі, ауа температурасының әр түрлілігіне байланысты мұздың қалыңдығы да әр жерде әрқалай. Оңтүстік аудандарда күн жылып, мұз ерісе, Арал, Қазалы аудандарында мұздың қалыңдығы 30-35 сантиметрге жетті. Ал, жоғарыдан секундына 640 текше метр су құйылып жатыр.  

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» өндірістік учаскесінің басшысы: 

- Бүгінгі таңда 129,26 деген белгіге келіп тұр. Бұл өте жоғары белгі.

Өзен бойындағы бөгеттің қауіпті деген 96 тұсы нығайтылып, биіктетілді. Дария жағалауындағы саяжай тұрғындарына дабылды ескерту жасалып, түсіндірме шаралары жүргізілуде. 83 эвакуациялық жинақтау және 104 қабылдау бекеті дайын. Төтенше жағдай қызметі мен су мамандары дария бойында күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырып, ахуалды назарда ұстап отыр. 

Ғабит Жаңабаев, облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 96 учаскеге жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Барлық бірінші қажетті шаралар атқарылған. Облыстың резервінде де қазір барлық қабымыз, жанар-жағармайымыз дайын. Қауіпті учаскенің барлығы бақылауға алынған.

Барлық каналдар ашық. Жайылымдық жерлерге де су жіберіліп жатыр. Сондықтан, ол аумақтардағы малшыларды қауіпсіз жерге көшіру мәселесі де назарда. Төтенше жағдай қызметі оқу-жаттығу шараларын өткізіп, кез келген жағдайға дайын отыр.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ 

Хабарламаларға жазылу