Сырдариядағы су деңгейі қауіпті жағдайға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сырдариядағы су деңгейі қауіпті жағдайға жетті

09.01.2019

Қызылорда қаласы маңындағы «Тасбөгет» бекетінде су деңгейі қауіпті белгіге жақындады. Қазір - 704 см, қауіпті деңгей - 740 см. Осыған байланысты «Қазгидромет» мамандары ескерту жариялады. Мұз кептелісі болған жағдайда, өзен арнасынан шығып, айналаға жайылуы мүмкін. Бірақ, мамандар, «жағдай қазір бірқалыпты», дейді.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Қазір Сырдария өзеніне секундына 900 текше метр су құйылып жатыр. Бұл өткен жылға қарағанда біршама артық. Яғни, қоймадағы су қазір былтырғыға қарағанда 1,5 миллиард текше метрге көп. Осыған орай, Сырдарияға құйылатын судың да көлемі артты. Қызылорда облысында тасқынның алдын алу шаралары күшейтілді. Яғни, қауіпті белгіге жақындаған сайын қауіп күшейе түсуде. Дегенмен, қалаға, облысқа, елді мекендерге қауіп жоқ дейді. Ауа райының құбылмалылығы жағдайды біршама күрделендіріп отыр.

Әділхан Қарлыханов, «Арал-Сырдария» бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы:

- Майда мұз дария деңгейін көтеріп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, түннен бастап төмен қарай секундына 800 текше метр су жіберу шешімі қабылданды. Мұндағы мақсат - су деңгейін мұз қатқанша көтермей, елді мекендерді, халық шаруашылығы нысандарын қалыпты жағдайда ұстау.

Дарияның 40 пайыз бөлігінде сең жүріп жатыр. Себебі, өзен бойында мұз толық қатпаған. Жаңақорған мен Шиелі тұсында өзен беті таза, ал, Арал мен Қазалыда мұздың қалыңдығы 30-35 сантиметр. Мамандардың айтуынша, мұз толық ұстаспайынша, қауіп сейілмейді. Сондықтан, дария бойында күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылған, эвакуациялық бекеттер дайын.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу