Елімізде көктемгі судың мөлшері қалыпты деңгейде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде көктемгі судың мөлшері қалыпты деңгейде

22.04.2021

Биыл көктемде қатты су тасқындары болған жоқ. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы су қоймалары мен өзендерді бақылауға барған төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осылай деді. Көктем келсе қызыл судың жолында қалатын Атбасар, кіші колутон, Петропавл қаласындағы ахуал да қалыпты жағдайда. Тік ұшаққа отырып, теріскейге сапарлап қайтақан Ғабит Бөкенбай жалғастырады.

Министр көңілді. Себебі, көктемде көл-көсір тасқын болған жоқ. Көп ауылды топан су басқан жоқ. Тек 70-тен астам жолды су шайып кеткен. Оның ішінде 10 жолда қозғалыс әлі қалпына келмеген.

Қала көшелері құрғағанымен, Арқа төсі айдын көл. «Апат айтып келмейді» деген Юрий Ильин алдымен атышулы Атбасарға ат суытты. Көктем келсе, бұл жақта маза жоқ. Биыл да құтқарушылар қызыл су келіп қалса деп, 20 күн Атбасардың маңын күзетті. Абырой болғанда Жабай және Колутон өзендері биыл тентек мінезін көрсеткен жоқ. Десе де, шағын ауылдар судың ортасында қалған.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Колутон маңында Ягодный ауылы судың ортасында қалған. Жыл сайын бұл ауылды су басады. Сол себепті, алдын ала ол жерге азық-түлік жеткізілген. Қажет жағдайда біздің қызметкерлер кез-келген сәтте ауылға жете алады.

 Судың жолындағы бірқатар ауылдар көшірілмек. Қазір, тиісті сараптама жүріп жатыр. Сондай-ақ, Жабайы және Жыланды өзендерінің арнасын кеңіту биыл басталмақ. Бұдан соң, көктемді Атбасарлықтар қорқынышсыз қарсы алады деген үміт бар. Ал Көкшетаудан 300 шақырым қашықта отырған Қосшы ауылына қатысты мәселе әлі қаралып жатыр.

Ғалымжан Әбдіқалықов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары:
Қосшыны Астанаға қосу деген әңгіме емес. Қосшыны облыстық деңгейдегі өз бетінше қала ету туралы құжат қаралып жатыр. Оның бәрі келісілуде.

 Қосшы енді Өз бюджеті, өз әкімшілігі бар жеке-дара қала болады. СҚО Көкшеден теріскейге ұштық. Жолай Станиславский су қоймасын көрдік. Мұндағы су деңгейі нормадан 1 метр жоғары.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Соңғы 3 жылда жүргізілген жол картасы нәтижесінде 600 елді-мекенді су басу қаупі жойылды. Аталған бағдарлама тағы үш жылға созылды. Егер, басталған іс соңына жетсе, көктемгі су тақырып 100 пайызға жабылады деп ойлаймын.

Осы апта күн жылынады. Мұз болып жатқан көлдер еріп, су деңгейі көтерілмек. Сондықтан төтеншеліктер босаңсуға әлі ерте деп отыр.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу