Алматы облысында былтыр иттердің көмегімен 300-ге жуық қылмыстық іс ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында былтыр иттердің көмегімен 300-ге жуық қылмыстық іс ашылды

08.01.2018

Жіліктеп айтар болсақ, 2 адам өлтіру, 24 ұрлық, 6 кісі тонау деректері бойынша қылмыскерлер жылдам табылып, жазаға тартылды. Әсіресе, есірткі бизнесімен күресте үй тағысының көмегі мол болды. Облыстық Ішкі істер департаментінің кинологтары жаңа ит жылында да қарқынды жұмыс істеуге бел буып отыр.

Бұл орталықта 20-дан астам ит бар. Әр жануардың қабілет-қасиетіне қарай қызметтік міндет жүктелген. Иісшілі іздеуге, ептісі адам ұстауға, енді бірі жарылғыш заттарды табуға үйретілген.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Иісшіл иттің біреуін біз де сынап көрейік. Мен қазір өзімнің әмиянымды жоғалтқандай боламын. Ал оның қай жерде жатқанын сіздер және мен ғана білемін. Қызметтік ит қазір менің қолымды иіскейді. Сол иіс арқылы менің жоғалған әмиянымды табу керек.

Бұл неміс овчаркасын кинолог-инспектор Мақсат Мәметжанов күшік кезінен бері өзі баптап келеді. Талай қылмыстың ізін суытпай ашты. Адам мен иттің тіл табысуының жемісі осы болса керек.

Кинология қызметі орталығындағы иттердің тұқымы да әртүрлі. Көбіне-көп неміс және Шығыс Еуропа овчаркалары ерекшеленеді. Орталық қызметкерлері селекциялық жұмыс арқылы ит санын көбейту жұмыстарын да қолға алды.

Ерлан Мүсәпіров, Кинология қызметі орталығының аға жедел өкілі:

- Лабрадор деген ит жарылғыш затқа жақсы. Неміс овчаркамыз есірткі затқа да, із суыту бойынша, жарылғыш зат іздегенге де жақсы.

Ит жылы басталған алғашқы 5 күнде-ақ кинологтар 10-ға тарта істі тергеуге септігін тигізіп үлгерді. Тумасынан сезім мүшелері жақсы дамыған. Адамдардың өзі жүзге жуық иісті, ит болса екі миллиондай иісті оңай ажырататын көрінеді. Сондықтан да болар, итті алмастыратын ешбір құралдың әлі күнге дейін жоқтығы.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу