Өткен жылы теміржолмен 8,9 миллион тонна астық тасымалданған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өткен жылы теміржолмен 8,9 миллион тонна астық тасымалданған

03.01.2018

Елімізде логистикалық бағыттағы жүк тасымалын тиімді қылу үшін шетелдерден заманауи терминал салу керек. Бұл туралы жыл қорытындысына арналған арнайы брифингте «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басшысы Оралхан Кулаков айтты. Жалпы, үстіміздегі жылды қорыта айтқанда жүк тасымалына қатысты көрсеткіштерде тек өсім байқалады.

Өткен жылы теміржолмен 8,9 миллион тонна астық тасымалданған. Осының ішінде алты миллионға тарта тонна бидай өнімі экспортқа шығарылды. «Алайда, логистика саласында жылда туындайтын мәселені түбегейлі шешу үшін отандық вагондар қатынайтын елдерден арнайы терминалдар салу қажеттілігі туындап тұр», - дейді «Қазақстан Темір Жолы Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының басшы.    

Оралхан Кулаков, «ҚТЖ -Жүк тасымалы» АҚ басшысы:

- Қазақстан ішінде барлығын істеп отырмыз. Шекарадан шығып, сол жақты дамытуымыз керек. Логистикалық инфрақұрылымды дамыту керек. Сол кезде мұндай қиыншылық болмайды.

Қазіргі кезде Орталық Азияда қазақстандық астықты өткізу мүмкіндігі айына 600 мың тонна бидай мен 200 мың тонна ұн өткізуге ғана жетеді. Егер де көршілес елдердегі жүктер қолмен тиеліп, түсірілмейтін болса, онда бұл сан екі есеге дейін жоғары болар еді.

Рамазан Айғайбеков, «Астық Транс» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұрындары вагондарға түнімен жүк тиеле беретін. Қазір ондай жоқ. Элеваторлар таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін ғана жұмыс істейді. Алайда, «Қазақстан теміржолы» компаниясының басшылығы мен Ауыл шаруашылық министрлігінің бірлесе жұмыс істеуі нәтижесінде бұл мәселе шешімін тапты.

Сараптау көрсеткендей, өткен жылмен салыстырғанда вагон айналымы он тәулікке артқан. Вагон айналымының көп уақыты жүк жөнелтушілер мен жүк қабылдаушылардың бастапқы және соңғы операцияларды жүзеге асыруына кетеді. Соның салдарынан станцияларда жасанды вагон жетіспеушілігі туындап отыр. Соған сәйкес, ҚТЖ станциялардағы вагондардың нормативтен артық тұрып қалуына қаржылық жауапкершілікті он есеге арттыруды ұсынып отыр.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу