Басты Жаңалықтар Су тасқыны салдарынан үйсіз қалған атбасарлықтарға жыл соңына дейін баспана берілмейді

Су тасқыны салдарынан үйсіз қалған атбасарлықтарға жыл соңына дейін баспана берілмейді

Ақмола облысының Атбасар қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жыл соңына дейін пәтер берілмейтін болды. Өйткені, үй құрылысы кестеден кешігіп жатыр. Республикалық бюджеттен қаралған 2 миллиард теңге қаржы тым кеш, яғни, қарашаның соңында ғана берілген.

Ермек Елберген, тілші:

 - Тұрғын үйлердің бірнешеуі Жаңа жылға дейін қолданысқа беріледі деген. Алайда, жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан, жергілікті атқарушы билік пәтер бөлу мәселесін көктемге қалдырып отыр.

Ағын судың салдарынан баспанасыз қалған 459 отбасыға 11 үй салынып жатқанымен, әзірге тек екеуі ғана дайын.       

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

 - Қазіргі уақытта 2 үйді жоспар бойынша Жаңа жылға дейін тапсыруға мүмкіндік бар. Дегенмен, құрылыс алаңында 6 үй толық бітпей, адамдарды көшіретін болсақ, қауіпті болуы ықтимал.

Тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ. 6 баланың анасы Ольга Возня да көктемде үйі қирап, баспанасыз қалғандардың бірі. Қазір мемлекет есебінен жалдамалы баспанада тұрып жатыр.  

Ольга Возня, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Балаларым үшін алаңдаймын. Сондықтан, көктемді күтуге қарсы емеспін. Бала деген бір орында тұрмайды ғой, ойнайды. Ал жанында құрылыс жүріп жатқаны қауіпті. Жалдамалы пәтермен әрі қарай да қамтамасыз етсе, күтуге дайынмын. 

Ермек Елберген, тілші:

- Атбасарға ауадай қажет деген дамба салынбауы мүмкін. Себебі, дамба тұрғызуға қарағанда баспана салып ол жаққа қауіпті аумақтан тұрғындарды көшіру бюджетке тиімдірек көрінеді. Бұл бастаманы тұрғындардың көпшілігі қолдап отыр.

Дамба құрылысына алдын ала есеп бойынша, шамамен, 9 миллиард теңге қаражат қажет. Ал, апатты аймақта орналасқан 500-ге жуық отбасыға баспана салуға және Жабай өзенін тазалауға кететін шығын 4-5 миллиард теңге көлемінде. 

Валентина Барнас, Атбасар қаласының тұрғыны:

- Көшу керек. Себебі, біздің үйлер ескі.

Бірақ, нақты шешім әлі шыққан жоқ. Бірер күнде тұрғындар арасында сауалнама жүргізілмек. Қоғамдық таңдаулар да жоспарланған.   

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Бөлісу