Басты Жаңалықтар Астанаға көгілдір отын келмей көк түтін кетпейді

Астанаға көгілдір отын келмей көк түтін кетпейді

Көмірді өндірген жерден бастап халыққа жеткізгенше бақылау жүргізілмейді. Сондықтан, астаналықтар тұтынып отырған қатты отынның сапасы күмән тудырады. Бұл туралы бас қаланың аспанын тұмшалаған түтінге байланысты өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Сондай-ақ, құзырлы орган өкілдері көмірден келетін қауіпті ескергенмен оны тездетіп шешуге уақыт пен қомақты қаражат керектігін мәлімдеді.

Қыс басталысымен көк түтін көптің талқысына түседі. Бірақ, айтылған жерінде қалады. Солай десек те, биыл Энергетика министрлігі мен Астана қалалық энергетика басқармасы мәселені шешуге бел шешіп кірісіпті. Бірінші, көптен айтылып жүрген «Сарыарқа» газ құбырын тарту. Қазір оның жобалық-сметалық құжаты жасақталуда. Әйтсе де, соған сеніп қалмай, жергілікті әкімдік өз бетінше әрекет етпек.

Бақтыбек Жапаев, қалалық энергетика басқармасының басшысы:

 - Біз күтпейміз. Қала әкімі Әсет Өрентайұлының тапсырмасына сәйкес магистралді газ болсын, болмасын біз газдандыра береміз. Бұл қайта жабдықтау арқылы шешіледі. Осылайша, 6 станция қоямыз. Қазір Тұранда бар. 2018 жылы әуежай жаққа орнату жоспарланып отыр.   

Ал, әзірге көмірден келген көк түтін ауаны ластап, аспанды тұмшалап тұра береді. Егер жел соқпаса тұрғындардың денсаулығына тіпті қауіпті. «Қазгидромет» орталығы директорының пікірінше, желсіз ауа райы зиянды заттардың жинақталуына әкелген.

Марина Шмидт, «Қазгидромет» РМК директоры:

 - Астана аумағында ауа райына ықпал еткен монғол антициклоны. Яғни, антициклон тұрақтаған соң ауа райы тынық, күн ашық болды. Мұндайда атмосферада ауа ағындары алмаспайды, соның салдарынан зиянды заттар жиналып, көк түтін түзілді.

Мамандардың сөзіне сенсек, қаланың экологиялық ахуалы қалыпты. Зерттеуге сәйкес, атмосфераның ластану индексі тоғыз айда 4,91 бірлікті құраса, былтыр 4,84 болыпты. Нәтижесінде бес бірліктен кем көрсеткіш ластану деңгейінің төмендігін білдіреді екен. Алайда, санды айтып жұбатқан олар сапа жағынан күмәндандырды.

Мұса Танабаев, қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Көмір базасынан тұтынушыға жеткенше бақылау болуы тиіс. Ондай бақылау қазір атымен жоқ. Біз осы ұсынысты айтып жүрміз. Айтпақшы, бензин сапасына байланысты арнайы комиссия құрылған. Енді көмірді де сөйтіп тексеру керек.

Экологтар да Қаражыра мен Шұбаркөл көмірінде қара май тұнып тұрғанын растайды. Ал, қаланы газбен толық қамту санаулы жылда шешілмейтін мәселе. Сол себепті көгілдір отын келгенше тұрғындардың көмір таңдап-жағарында сақ болғаны абзал. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Бөлісу