Алматы облысының Райымбек ауданында ауылшаруашылық қызметкерлерінің күні өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Райымбек ауданында ауылшаруашылық қызметкерлерінің күні өтті

12.12.2017

Негізгі несібесін мал мен жерден алатын аудан үшін бұл мерекенің орны бөлек. Сондай-ақ, Кеген елді мекенінде ауқымды жәрмеңке де ұйымдастырылған. Бұл жерге аудан орталығынан шалғайда тұратын ауылдардың ет, сүт, көкөніс өнімдері әкелінді. Жыл бойына атқарылған істер қортындыланып, алдағы уақыт еншісіндегі еңбектің жоспары пысықталды.  

Кегеннің тұрғындары дәстүрге айналған бұл жәрмеңкені асыға күтеді. Өйткені, мал өсіріп, жер баптамайтындар арзан бағаға ет пен көкөністі көптеп алып алады. Мәселен, қой етінің бір келісі әдеттегегіден 300-400 теңгеге төмен.  

Балғыз Оразымбетова, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Бағасы өте тиімді. Бұл жерден өзіміз ет, картоп өнімдерін алдық. Оның ішінде құрт, майлары да өте тиімді бағада сатылуда. Осындай ауылшаруашылық жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылып тұрса екен деп ойлаймын.

Жайлау Толыбаев, Саржаз ауылының тұрғыны:

- Бағалары төмен. Барлығы өз өнімдерін әкеп жатыр. Өйткені, ауылда өте таза, ешқандай экологияға қатысы жоқ таза еттер, таза өнімдер.

Ауданда биыл ірі қара 113 333-ке жеткен. Жылқы 69 374, ал, қой мен ешкі саны - 451 516. Жері құнарлы ауданға инвесторлар да қызығады. Келесі жылы бұл жерде инвестордың көмегімен сүтті-тауарлы үлкен кешен ашылмақ. Бюджеті 3,5 миллирд теңгені құрайды. 130 адам жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, ет өңдейтін зауыт құрылысы басталады.

Дастан Құдабаев, Райымбек ауданы әкімінің орынбасары:

- Ауданымызда 37 миллиард, 500 миллион теңгенің жалпы ауылшаруашылық өнімі өндірілді. Біз өзіміз межелеген нәтежиелерге қол жеткіздік деп ойлаймын. Ауданның негізгі табыс көзі ауылшаруашылық саласынан түсетін болғандықтан, осы мәселе жоғары деңгейге қойылып, талмай жұмыс істеуді талап етеді.  

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне байланысты бірнеше азамат республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі арнайы марапатқа ие болды. Жердің жерге қаратпайтынын жақсы білетін ауданда шаруашылыққа аса мән беріледі. Жері көрікті, мал азығы құнарлы мекеннің өнімі бірнеше елді мекенді қамтып отыр.

 

Мирас МҰҚАШ

 

 

Хабарламаларға жазылу