Астанада Қарағанды облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Қарағанды облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі басталды

10.10.2015
Астанада Қарағанды облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі басталды

Бүгін елорда тұрғындары үшін Қарағанды облысының үздік ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынуда. Тауар өндірушілер жалпы сомасы 149,7 млн. теңгені құрайтын 850 тоннаға жуық өнім әкелген. Бұл жолы ауылшаруашылық жәрмеңкесі «Хан шатыр» СОО алдындағы алаңда өтуде.

Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, жәрмеңкеде ет өнімдері, балық және құс еті, шұжық, сүт өнімдері мен бал, сондай-ақ, жеміс пен көкөністің түр-түрі ұсынылуда.

Қазақстан облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен өтетін апта сайынғы жәрмеңкелер Астана қаласы әкімдігімен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылады. Қала тұрғындары жәрмеңкеде тауар өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20% арзанға сатып ала алады.

Еске салайық, Қазақстан өңірлері тауар өндірушілерінің қатысуымен өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелерінен бөлек, Астана мен Ақмола өңірінің тауар өндірушілері де өз өнімдерін халыққа ұсынады. Жәрмеңке елорданың үш ауданында: «Алматы» ауданында - Абылай хан даңғылы мен Б. Момышұлы даңғылындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда, «Есіл» ауданында - Сауран көшесіндегі «Халыққа қызмет көрсету орталығының» алдындағы алаңда және «Сарыарқа» ауданында - Бөгенбай батыр даңғылындағы «Көктем» СО ұйымдастырылуда.

Хабарламаларға жазылу