Елімізде бүркіт саны күрт азайып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде бүркіт саны күрт азайып кеткен

28.11.2017

Көктің сәні қыранға қандай қауіп төнді? Қызыл кітапқа енген құстардың сиреп кету себебін ғалымдар бірінші кезекте адамның қолымен жасалған қиянаттан деп санайды. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы құсбегілермен, мамандармен кездесіп мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Құсбегілік - бекзада өнер. Алайда, бүркітті балапанынан баптап, оны аңға салу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан, көк аспанның сәні қыран құстың бостандығын тұсап, табиғатқа қиянат жасауға болмайды.

Саятшылықты серік еткен Қарқаралының қазағы Қайыржан құсбегі өзі баптап өсірген бүркіттердің бірінің де обалына қалмай, қартайған кезінде еркімен жіберіп отырады. Ақбілек оның ұядан өзі алып, балапанынан баптаған төртінші бүркіті. Бұл қыранды да уақыты келгенде қиясына қанат қақтырады. «Ит жүгіртіп, құс салған әр адам осы қағиданы ұстанса», дейді.

Қайыржан Дүйсеков, құсбегі:

- 4-5 бүркіттен ұстайтындар бар. Оның баптауы бар емес пе? Бір бүркітті баптаумен жыл бойы алысасың. 3-4 бүркітті ұстап, ие бола алмай қалады. Көзқимастық бар. Сөйтіп бүркіттер азайып жатыр. Ол дұрыс емес. Осының алдындағы бүркітті жеті жасында табиғатқа жібердім.

Отандық орнитологтар соңғы 5 жылда бүркіттердің саны азайып кеткенін айтып дабыл қағуда. Мәселен, елдің оңтүстік-шығысы мен шығыс бөлігінде санақ кезінде бар-жоғы 650 қыранның қалғаны анықталған. Демек, әр 20-50 шақырымда бір бүркіттен ғана жүргенін білдіреді. Ал, табиғи тепе-теңдік заңдылығы бойынша әр 5-10 шақырым жердің көксеңгірінде бір қыраннан болуы тиіс.

Гүлназ Қартбаева, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті зоология кафедрасының меңгерушісі:

- Бүркітшілер саятшылықпен айналысу үшін ұяларын бұзып, балапанын алады. Жалпы, бүркіт неге аз дейтін болсақ, ол өзі биологиясында солай. 1-ден 3-ке дейін ғана жұмыртқа салады. Сосын жыныстық жетілуі де баяу. Төрт жасынан бастап жыныстық жетіледі.

Қарағанды облысы аңшыларының қоғамдық бірлестігінде бүгінде тек 7 бүркіт тіркеуде бар. Қазір құсбегілік үшін құжат бүркітті заң жүзінде арнайы орыннан алған кезде ғана беріледі. Алайда, бұған да көпшілік құлақ аса қоймайды.

Вадим Ботов, Аймақтық орман және аңшылық шаруашылығы басқармасының жетекшісі:

- Егер қандай да бір заңсыз әрекет болса, біз міндетті түрде шара қолданамыз. Барлығы да үкіметтік тіркеуде болуы керек. Табиғаттан Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстардың рұқсатсыз ұсталғаны анықталса, әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынады.

Құс төресінің азайып кетуінің тағы бір себебі - ашық-шашық электр көздері. Үш жылдық зерттеу қорытындысы бойынша, 3 мыңнан астам қанатты тоққа түсіп қалған.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу