Қазақстанда туып-өскен гректер өз кәсіптерін ашып, гүлдендіріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда туып-өскен гректер өз кәсіптерін ашып, гүлдендіріп отыр

03.11.2017

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас». Қазақстанда туып-өсіп, кейін тарихи Отанына оралған гректер «Туған жер» бағдарламасы аясында елдің өркендеуіне өз үлестерін қосқылары келеді. Әр салада жетістікке жеткен байырғы жерлестеріміз Қазақстанға турист тартып, ел медицинасын дамытуға бел буып отыр.

Афинаның орталығындағы мейрамхананы жергілікті жұрт «қазақтардың құтты мекені» деп атап кеткен. Өздері де осы жерден шықпайды. Қазы-қартаға тапсырыс беріп, бауырсақты ыстықтай жегенді жақсы көреді.  Қазақстанды, қазақтың мәдениетін гректерге танытуға барын салып жүрген жерлесіміз Деспина. Қарағанды облысының тумасы тарихи Отанына 90 жылдары қоныс аударғанымен, әлі күнге туған жерін аңсайды.

Деспина Христиди, мейрамхана иесі:

- Мен грек халқына біздің олардан артық болмасақ еш кем емес екенімізді дәлелдеп, ұлттық тағамдарымыз арқылы мәдениетіміздің қаншалықты жоғары екенін көрсеткім келді. Қазақстаннан алған тәрбиеміз еуропалықтар мен америкалықтар қызығатындай керемет. Менің осындай дәрежеге жеткенім, әлбетте, туған жерімде алған білімімнің арқасы деп ойлаймын.

«Премьера» мейрамханасы Қазақстаннан көшіп келген гректердің екінші үйіне айналған. Барлығы осында жиналып, сыр ақтарысып, елге деген сағынышын басады.

Элефтер Палтаджиги, Афина қаласының тұрғыны:

 - Қазақтың ұлттық тағамдарын жемей тұра алмаймын. Бауырсақ, етті осы жерден келіп жейміз. Ал, үйде манты, палауды өзім пісірем. Өткен аптада елді қатты сағынып, ютубтан Қазақстан жайлы фильмді тамашаладым. Көріп отырып, өзімді сонда жүргендей сезіндім. Сағынышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Гректердің алғысын алып жүрген тағы бір қазақстандық - Лазарь Сопилиди. Ол ашқан физиотерапия орталығы бүгінде Грекиядағы ең үздік мекеменің бірі. Мұндай жетістікке жерлесіміз тынымсыз еңбек, кәсіби шеберлігі мен қызметіне деген адалдығының арқасында қол жеткізіп отыр.

Лазарь Сопилиди, физиотерапия орталығының жетекшісі:

- 2002 жылы клиникамызды ашқанда бір ғана құрал-жабдығымыз болған. Қазір соңғы үлгідегі құрылғылардың бәрі бар. Көп қиындық артта қалды. Мен Шымкентте туған бақытты адаммын. Келесі жылы елге, тұрған үйіме барып, оқыған мектебіме соғуды жоспарлап отырмын.

Қазақстандық грекке алыс-жақын шетелден алғыс жаудырушылар көп. Омыртқаның, қимыл-тірек жүйесінің зақымдануын емдейтін дәл осындай физиотерапия орталығын Лазарь енді Қазақстанда да ашып, озық тәжірибесін отандық медицинаға енгізсем деп отыр. Осылайша, қазақстандық гректердің қаны бөлек болғанымен, әлі күнге жан-жүрегі қазақ деп соғады. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу