Астананың 20 жылдығы Грекияда да тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың 20 жылдығы Грекияда да тойланды

06.07.2018

Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі мерейтойдың құрметіне ресми қабылдау ұйымдастырды. Шараға Грекия үкіметінің мүшелері, қоғам қайраткерлері кәсіпкерлер мен тарихи Отанына қоныс аударған байырғы қазақстандық гректер қатысты. Қазақстанда туып-өскен гректер Қазақ еліне, елорданың туған күніне ерекше тарту жасады.

Астана - жаңа дәуірдің дәулетті, сәулетті қаласы. Аз уақыттың ішінде азулы елдерге әйгілі  болған әсем елорданың мерейтойын атап өтуге, Қазақстанның қуанышына ортақтасуға гректер қалмай келіпті. Мәртебелі меймандарға елші Алексей Волков Астананың 20 жылда жеткен жетістігін паш етті. Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін ұйымдастырған Астана-Сириядағы ахуалды реттеуге арағайындық етіп, бейбітшілік алаңын ұсынды. ЕҚЫҰ саммитін, «ЭКСПО» көрмесін өткізіп, талай халықаралық маңызды шараларды абыроймен атқарды.

Георгос Катругалос, Грекия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:

- Астанаға 1-2 ай бұрын сапарладым. Қаланың қалай қарқынды дамып келе жатқанын өз көзіммен көрдім. Шаһардың сәулетінен бөлек, толерантты қоғамы тәнті етті. Мен мұсылмандардың мешітінде, православтардың шіркеуінде болдым. Түрлі дін, ұлт өкілдерінің еш кикілжіңсіз, тату тұрып жатқаны керемет. Осындай бейбітсүйгіш Қазақ елімен Грекия үкіметі барлық салада қатынасты дамытуға мүдделі. Елорда елмен бірге дами берсін.

Димитрис Карнавос, Калифея муниципалитетінің мэрі:

- Астананың мерейтойын Грекияда тойлау біз үшін үлкен мәртебе. Президент Н.Назарбаевтың тың идеясы осылай сәтті жүзеге асқаны ғажап. Астана бүгінде мәдениет, сауда, тұрақтылық пен бейбітшіліктің орталығы. Осындай көркем қаланы мерейтойымен, Ел Президентін туған күнімен құттықтаймыз. Бақыттарыңыз мәңгілік болсын.

Аспанмен астасқан биік ғимараттары бар, көздің жауын алатын әсем қала жайлы көпшілік арнайы фильм мен сурет көрмесін де тамашалады. Елдің, елорданың жетістігіне бәрінен де Эллада елінде тұратын байырғы қазақстандық гректер марқайып отыр.

Пантилей Элевтериадис, байырғы қазақстандық грек:

- Астананы 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, қаланы осындай деңгейге жеткізу үшін ерен еңбек сіңірген біздің Президентке алғысымды білдіремін. Қазір Қазақстан адам танымастай өзгерді. Біз өзіміздің Қазақстаннан екенімізді мақтан тұтамыз және қиын-қыстау заманда бір үзім нанын бөліп беріп, бізді өз баласындай емізген қазақ аналарының, қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді», деп қазақ халқының рухани қаһармандығына бас иген байырғы қазақстандық гректер кеште «Рахмет, Қазақстан» әнінің тұсауын кесті. Пантилей жерлесімізге әнді домбырамен сүйемелдеп, әрлеуге Президент оркестрінің жетекші солисі Жандос Мұхтаров көмектесіпті.

Жергілікті жұрт «қазақтар» деп атап кеткен 60 мыңнан астам байырғы қазақстандық грек бүгінде Афинада «Астана» дүкенін, қазақ мейрамханасын ашып, Қазақстанды көпшілікке танытуға күш салуда. Эллада еліндегі жерлестеріміз қыркүйекте «Астана-20» деген атпен қазақ-грек қауымдастығын ашып, елорданың мерейтойына тағы бір тарту жасамақ. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу