Елімізде соттағы ақтау үкімінің үлесі аз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде соттағы ақтау үкімінің үлесі аз

03.11.2017

Елімізде тергеушілер мен прокурорлар өте жоғары деңгейде жұмыс істейді екен. Тым сирек қателеседі. Тергеушілер күдіктіні ұстап, іс қозғап, сотқа апарса айыпталушы түрмеге тоғытылды дей беріңіз. Бұлай деуге, статистика сеп. Мәселен, еліміздегі сот процестеріндегі барлық айыпталушының тек 2,7 пайызы ғана ақталып шыққан екен. Не себепті, Қазақстандағы соттардың ақтау үкімі тым аз.

Нұралы Қалиев әділдік іздеп жүр. Ұлымды жазықсыз түрмеге қамап тастады дейді. Нұртуған Мұзамелов Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылының әкімі болған.  Ол осыдан 2 жыл бұрын 41 жер учаскесіне қатысты тексеру жүргізу керектігін айтып, бірқатар органға шағым жолдапты. Кейін шағым түсірген әкімнің өзі ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болды деген ілікке ілініп, қамауға алынған.

 Нұралы Қалиев, айыпталушының әкесі:

 - Қазіргі жағдайда экспертизадан тұжырым келді. 41-45 құжаттағы қол мүлдем оныкі емес. Басқа адамның қолымен қойылған деп жауап келді. Енді тергеу органдары оған қарамай , менің баламды әлі күнге дейін қамауда ұстап отыр.

Енді Нұралы Қалиев ұлының сотта ақталып шығуына үмітті. Бірақ, елімізде ондай жағдайлар тым сирек кездеседі. Мәселен, Қазақстандағы сот процестерінде тек 2,7 пайызы ғана ақтау үкімі екен. Оның себебі көп. Біреуін адвокат айтсын.

 Жандос Тұяқов, адвокат:

 - Қазіргі таңда қалай, егер ақтау орын алатын болса, тергеу органдары, бастықтарына тиеді.

Тағы бір мысал. Егер айыпталушы ақталып шықса, мемлекеттен өтемақы талап ете алады. Ал, ондай болмас үшін күдікті сотталуы тиіс. Сондай-ақ, біреудің ақталуы құзырлы органдарға тиімсіз екен. Заңгерлер осындай ұйғарымда.

Жандос Тұяқов, адвокат:

 - Бұл жүйені қазіргі таңда өзгерту керек. Яғни, біз ақтаған судьяларды қолдауымыз керек. Егер ол ақтап жатса, жоғарғы жақтағы азаматтар пара алып қойған ғой деп ойлайды. Сол себепті, судья өзіне күдік тудырмас үшін ақтауға да бармайды.

Сот – бейтарап. Ешкімнің мүддесіне жығылмайды. Тек, фактілерге сүйеніп, шешімнің әділін іздейді. Ақтау үкіміне қатысты судьялар осындай пікірде.

 Ерден Әріпов, ҚР Жоғарғы сотының судьясы

 - Нақты бір тұлғаға қатысты айыптау не ақтау үкімін шығаруда белгілеп қойған меже жоқ. Биылғы жылы 2,7 пайыз болуы мүмкін. Келесі жылы мысалы, 10 пайыз болуы мүмкін. Одан кейінгі жылы қайтадан 1,7 пайызға қайта түсуі мүмкін. Оның негізгі себептері -  тергеудің сапалы жүргізілуі.

 Судьялардың сөзінше, Қазақстандағы тергеушілер мен басқа да құзырлы органдар өз жұмысын сапалы атқарады. Қателік – некен-саяқ. Сәйкесінше, күдіктіге айып ғайыптан келмейді дейді. Сол себепті, ақтау үкімдерінің үлесі аз. Ендеше, соттың таразысы әділдіктен таймасына сенейік.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу