Басты Жаңалықтар Соңғы 3 жылда терезеден 104 бала құлап, көз жұмды

Соңғы 3 жылда терезеден 104 бала құлап, көз жұмды

Соңғы 3 жылда ел көлемінде 104 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап көз жұмса, 600-ге жуығы түрлі жарақат алған. Әр қайғылы оқиғаға қатысты тергеу мен сараптама жүргізген құзырлы орган қызметкерлері ата-аналардың жауапкершілгі жоқ, деген қорытынды шығарып отыр. Оқыс оқиғаның себебі мен салдарын және жауапкершілігін арнайы мамандардан тілшіміз Олжас Керейхан сұрап көрді.

Кеше ғана Өскемендегі 9 қабат үйдің терезесінен бір бала құлап көз жұмды. Сәбидің өмірін сақтап қалшу үшін дәрігерлер бар дәрменін салғанымен нәтиже болмады. Күн жылына терезе мен балконнан құлап мерт болған немесе мертіккен балалардың саны азаймай тұр. Ел бойынша да статистика сұмдық. Бірақ ол шындық.

Бейбіт Ғабитұлы, травматолог-дәрігер:

Былтырғы жылдың өзінде 33 бала жарақатпен түсті. Биыл бір бала түсті. Ол да терезеден құлаған. Ол балалардың барлығы күрделі жарақат алады. Бас, ми жарақаттары бар. Ол балаларға бірнеше операция жасау керек болады.

Балаларға тек терезе емес, от пен суда қауіпті. 2025 жылы шығыста 2 жасөспірім суға тұншығып, ал тағы 3 сәби ыс тиіп көз жұмған. Бала құқын қорғап жүрген заңгер - Оксана Қаленова кез келген жағдайда барлық жауапкершілік ата-ананың мойнында екенін айтады.

Оксана Қаленова, заңгер:

Баланың өмірі мен денсаулығы және қауіпсіздігі үшін ата-ана жауапты. Соған сәйкес барлық қажетті шараны қабылдауға міндетті. Ал мемлекеттік органдарға заң шеңберіндегі жауапкершілік жүктеледі. Біз жалпы қоғамның жауапкершілігі туралы көп айтамыз. Оның бәрі өз баламыздан басталады.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандары тұрғындарға қауіпсіздік үшін дрондарды пайдаланып жатыр. Көпқабатты үйлердің терезесінің тұсына дейін ұшырып дауыс зорайтқыш арқылы қауіпсіздік шараларын еске салады. Егер терезе мен балкон ашық тұрса жабуды,ал жұқа тор қойылған болса, қауіпсіздікті күшейтуді ескертеді.

Аяулым Кекиева, облыстық ТЖД бас маманы:

Былтырғы жылғы мәліметке сәйкес, облыс аумағында 9 бала терезеден құлап кету жағдайы тіркелген. Оның ішінде, өкінішке қарай, бір бала қаза тапты. Осы орайда Төтенше жағдайлар департаменті заманауи құралдармен, яғни дронардың көмегімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Осыған сәйкес, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауын және терезелердің алдына жиһаздар орнатпауын сұраймыз.

Баланың жалпы  қауіпсіздігі үшін обыстағы кейбір аудандарда  онлайн карта жасалды. Электронды сызбаның көмегімен бос  ғимараттар мен  ашық жатқан  кәріз бен су құбыры анықталып, ол бақылауға алынады. Ал құлдыраңдаған баланың биіктен құлдилауына тоқтам болмай тұр. Сондықтан  терезеге телміріп қалмаңыз, деп ескертеді мамандар. 

Бөлісу