Имамдар жағдайы ауыр отбасына үй салып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Имамдар жағдайы ауыр отбасына үй салып берді

01.11.2017

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына қарасты  «Зекет» қорының есебінен Алматы облысында тағы да бір отбасы баспаналы болды. Бұл жолы Жамбыл ауданы Қасымбек ауылында тұратын асыраушысы жоқ шаңырақ иелері қуанышқа кенелді.

Жасы 80-нен асқан Галина апайдың қуанышында шек жоқ. Өйткені, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 4 бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Ал, талай тұрмыс тауқыметін тартқан бұл отбасы жеті жыл бойы мына ескі лашықта тұрып келген. Жалғыз қызы ауыр дертке шалдығып, жұмысқа жарамсыз болып қалғандықтан, жағдайлары нашарлай берген. Ал, немересі мен шөберелі әлі кішкентай. Мектепке оқиды. Сондықтан, «Өз күшімізбен мұндай зәулім үйді сала алмас едік», - дейді ол.

Галина Рогоза,  Қасымбек ауылының тұрғыны:

 - Көмектескен кісілердің барлығына алғыс білдіремін. Осы уақытқа дейін ауылдағы мешіт қызметкерлері түрлі жәрдем көрсетті. Азық-түлік, немерелеріме киім-кешек, оқу-құрал, қаржылай көмек беріп тұрды. Бүгін міне, зәулім сарайдай үй салып беріп жатыр. Көп рахмет!

Жаңа баспана төрт бөлмелі. Тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалып, керек-жарақтың бәрі қойылған. Жарық пен су құбыры тартылып, көгілдір отынға да қосылған. 

Ержан қажы Малғажыұлы,  ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:

 - Мұндай жағдайы төмен отбасылар әр ауылда бар. Осы ауылдың азаматтары бірігіп, қолдан келгенше көмектерін жасап жатса, әрине, мұндай жағдайдағы адамдарға әл-ауқатын түзеп алатын үлкен себеп болар еді.

Айта кетейік, бұл «Зекет» қоры тарапынан Алматы облысында салынған үшінші үй. Ал, әркез игі іске мұрындық болатын имамдар алдағы уақытта да мұндай қайырымдылық шараларын жалғастыра бермек. Өйткені, «Күн сайын көмек сұрап келетін адамдардың қарасы көп», - дейді олар.

Хабарламаларға жазылу