Петропавлда бетон зауытына қатысты дау туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда бетон зауытына қатысты дау туды

31.10.2017

Петропавлда бетон зауытының іске қосылуы жергілікті жұрттың наразылығын тудырды. Маңайдағы үйлердің тұрғындары ауаның шамадан тыс ластанып жатқанын әрі артық шудың көбейгенін айтып шағымдануда. Қала билігі болса, кәсіпорын жұмысының заңдылығына көз жеткізе алмай отырған сыңайлы.

Кәсіпорын қаланың шеткері жағында орналасқанымен, жанында көпқабатты тұрғын үйлер де, балабақша да бар. «Төңірекке ұдайы өндіріс қалдықтары төгіледі, үнемі лас ауамен тыныстауға тура келеді», дейді тұрғындар.   

Зинаида Бутко, тұрғын:

- Жауапты мекемелерге бірнеше рет шағымдандық. Жүк көліктерінің кесірінен жол бүлінді. Маңайдың бәрі шаң-тозаң, күл-қоқыс. Терезені жаңбырдан кейін ғана аша аламыз. Бұлай жалғаса берсе, не боларын білмеймін. Құдды бір өндіріс алаңында өмір сүріп жатқандаймыз.

Альфия Нигачей, тұрғын:

- Осында тұратындардың көбі мүгедек, қарт адамдар. Жақын маңда балабақша бар. Бүлдіршіндер де лас ауамен тыныс алып жүр.

Ал, зауыт өкілдерінің айтуынша, тиісті талаптар сақталған. Рұқсат құжаттардың барлығы рәсімделген. Өндіріс орны заң аясында жұмыс істеп тұр.

«Ударник» ЖШС заңгері:

- Біздің құжаттардың түгелі дұрыс. Тиісті талаптардың барлығы сақталған. Атмосфераға шығатын қалдықтардың мөлшері де нормадан аспайды. Экологиялық сараптама жасалды. Жоба бойынша қауіпсіздік аймағы да анықталған.

Алайда, қалалық Сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары «зауыттың тек жерге ғана рұқсаты бар», дейді. Кәсіпорын жұмысының заңдылығы әзірге күмәнді.  

Далабай Қабдуалиев, Петропавл қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жер телімі бұрыннан оларға тиесілі, бірақ, рұқсатнама қағаздары алынбаған. Яғни, Сәулет және құрылыс бөліміне арыз жазылмаған. Өз бетінше зауыттың жұмысын атқарып келеді. Бірақ, 2007 жылдан бастап зауыт тұрған жер қаланың өндірістік учаскесі болып табылады. Сәулет құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасына хат жіберілді. Сұрауымыз «Ударник» ЖШС жұмысын заңдылығын анықтау.

Наразы тұрғындар прокуратураға да хат жолдаған. Құзырлы орган өндірістің қоршаған ортаға залалы бар-жоғын анықтау үшін экологтардың көмегіне жүгінді.

Азамат Бектасов, СҚО Экология департаменті жетекшісінің орынбасары:

- Арыз мәтініне сәйкес, қоспалауыш қондырғысы экологиялық заңнамаға сәйкес келмейді делінген. Осы арыз негізінде департамент жоспардан тыс тақырыптық тексеріс алады, тіркеледі. Тіркелген соң қажетті іс-шаралар өткізіледі. Экологиялық заңнаманы бұзған жағдайда әкімшілік айыппұлдар салынып, жұмыстар атқарамыз. Демек, істің ақ-қарасын анықтау үшін уақыт керек.

Хабарламаларға жазылу